Сырдарияда сең қозғалды

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Биыл Сырдарияда сең жылдағыдан 3 аптаға ерте қозғалды. Өзен мұзының еруіне ауа райының жылылығы мен жаңбырдың көп жауғандығы себеп болып отыр,

деп хабарлайды 24 kz.

Бүгінгі таңда Шардара су қоймасына 3 миллиардтан астам, ал Көксарай су реттегішіне 1,5 миллиард текше метр су жиналды. Қазіргі уақытта сең Жаңақорған ауданындағы Шырдабай тоғайының тұсынан өтіп, Өзгент ауылы маңына келіп тұр. Мұздың қалыңдығы шамамен 15-16 см болса, Жаңақорған аумағынан өтетін Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы 250 шақырым. Дария бойымен сағатына 600 метр жылдамдықпен сең жүріп, судың деңгейі шамамен 100 см дейін түскен. Мұз көшкіні ақпанның аяғына таяу Қызылорда қаласы маңынан өтеді деген болжам бар.

«Тәулік бойы қазір кезекшілік ұйымдастырылған. Төтенше жағдайлар ықтимал учаскелер бойынша қазіргі таңда барлық жерге арнайы техникалары бар мекемелер бекітілген. Кез келген уақытта шұғыл әрекет жасауға, сонымен қатар жанар-жағармай қорымен, қап және басқа да құрал-жабдықтармен толық жабдықталған», - дейді Апаттар мен дүлей-зілзалалардың алдын алуды ұйымдастыру басқармасының бастығы Марат Бәйімбетов.