Оның жеті жүз гектар жері егістік алқабы. Бұған қоса бөгеттің 10 тұсынан жарып өткен суды ауыздықтау да мүмкін болмай отыр.
Қызыл судың астында қалған «Бақ» шаруа қожалығының егістік алқабы. Өткен жылы күріштің әр гектарынан 73 центнерден өнім алған күрішшілер қазір өзеннен аққан сумен күресуде. Қаптарды құмға толтырып, бекіту шараларын жүргізуде. Сондай-ақ, су бұзып кеткен бөгет қайта қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жұмысқа арнайы техникалар тартылған. Жергілікті шенеуніктер тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ екенін айтады.
«Қазіргі таңда өзен суы ауылдан бес жарым шақырым қашықтықта. Тұрғындарға қауіп жоқ. Ұзындығы алты шақырым болатын бөгетті қалпына келтіріп жатырмыз. Техника жеткілікті түрде жұмылдырылды. Су алған егістік алқабы егін науқанына дейін ретке келтірілетін болады. Арнайы сорғы құрылғылары арқылы тазартылады», - дейді Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Лекеров.
Жарияланған төтенше жағдайға қарамастан жауапты мамандар Сырдариядағы жағдай бірқалыпты дейді. Жоғарыдан қазіргі күні өзенге секундына 320 текше метр су келіп түсуде. Ал мұздардың кептетіліп қалуына ауа райының қолайсыздығы себеп болған.
Айта кетер жайт, алдағы күндері жарылғыш заттарды пайдалану жоспарланып отыр.
Айнұр Төлешова