Сырдарияға жақын орналасқан апаттық мектеп орнына жаңасы салынады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сырдария өзенінің бойына жақын орналасқан апаттық жағдайдағы мектептің орнына  жаңасын салу жоспарланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

«Соңғы бес жылда облыс бойынша 45 мектеп салынды, оның ішінде 37 апаттық мектеп қайта салынып, пайдалануға берілгендігін атап өткім келеді. Осы арқылы өңірде апаттық мектептердің мәселесі шешімін тауып отыр. Дегенмен, 2018 жылдың қаңтарында тәуелсіз эксперттердің қорытындысына сәйкес Жалағаш ауданы, М.Шәменов ауылында орналасқан № 34 орта мектеп апаттық деп танылды. Сырдария өзенінің бойына жақын орналасқандықтан жер асты су деңгейінің күрт көтерілуі мектептің бүгінгі жағдайына әкеліп соғып отыр» - дейді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы.

  Сонымен бірге Р. Рүстемұлы аудандық бюджет есебінен мемлекеттік сараптамадан өткізілген 300 орындық мектептің жоба сметалық құжаттары әзірленіп, жоба құны 900,6 млн теңгені құрап отырғандығын да жеткізді.

 «Мектеп құрылысын жүргізуге байланысты құжаттар ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсынылып, республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі бойынша тиісті министрліктермен жұмыстар атқарылуда» ,- деді ол.

Айтып өту керек, №34 мектеп 1991 жылы пайдалануға берілген,  қазіргі уақытта мұнда І ауысымда 105 оқушы, ІІ ауысымда 123 оқушы білім алуда.