Сырдарияның үстімен төрт жолақты көпір салынады - республикалық инвестициялық форум

ҚЫЗЫЛОРДА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында ені 14 метр, ұзындығы 15 шақырымдық төрт жолақты айналма жолдың құрылысы қызу жүру үстінде.

Бүгін Қызылордада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен өтіп жатқан «Байқоңыр» І республикалық инвестициялық форумында мәлім болғанындай, аталмыш жобаның жалпы құны 2 млрд. теңгеден асады. Оның ілкі жұмыстары өткен жылы республикалық бюджет есебінен басталып кетті. Ал нысан 2014 жылы толық аяқталуы тиіс. Айналма жолдың екі жақ бетіне 205 га аумақта «Арай» шағынауданы салынатын болады. Мұнда көпқабатты тұрғын үйлер, коттеджді қалашық, сауықтыру кешендері мен мектеп, балабақша нысандары бой көтермек.

Сол сияқты дарияның сол жағалауын кешенді игеру үшін биылғы жылы Ғ. Мұратбаев көшесі арқылы Сырдария өзенінің үстінен салынатын аспалы төрт жолақты көпірдің жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Көпір құрылысы биыл басталып, келесі жылы пайдалануға беріледі.

Айналма жол мен аспалы көпірдің салынуы алдағы күндері өзеннің сол жақ жағалауында қаланың жаңа орталығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бұл аумақта бас жоспарға сәйкес көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, бизнес, ойын-сауық орталықтар бой көтеретін болады.