Сыртқы бәсекелестер артқан сайын, монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтар өсу қаупі туындайды

АСТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат - Сыртқы бәсекелестер санының көбеюі салдарынан монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтар санының өсу қаупі де туындайды. Бұл туралы бүгін Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, депутат Сейітсұлтан Әйімбетов мәлім етті.

«Біздің ойымызша, қазіргі таңда Қазақстанда жұмыс істейтін тергеп-тексеру институты монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілерінің жолын кесудің, оларды анықтаудың тиімді құралы болып табылады. Бұл ретте Ресей мен Беларустың Қазақстаннан бір ерекшелігі - оларда тексеру жүргізіледі. Сонымен бірге, «Бәсекелестікті қорғау туралы» Ресей заңының монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтың алдын алу, сатып алуды өткізу қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі нормалары да үлкен қызығушылық туғызады. Осыған байланысты, халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, Кеден одағы елдерінің бәсекелестік жөніндегі заңнамаларын одан әрі жақындату және жетілдіру жұмысын жалғастыру қажет», - дейді С. Әйімбетов.

Оның айтуынша, бұл жұмысты ұлттық заңнамалардың ең тиімді нормаларын сақтай отырып, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің Бәсекелестік туралы модельдік заңының прогрессивті нормаларын қолданыстағы монополияға қарсы заңнамаға енгізу арқылы орындауға болады.