Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Халықтар келiсiмi» қоғамдық қорының директоры, Ұлттық конгрестің ғалым хатшысы Зиябек Қабылдинов осылай айтты.
Сарапшының сөзіне қарағанда, Елбасының халыққа арнаған бес институционалдық реформасында қоғам мен елдiң алдындағы мәселелердi шешудiң бағыт-бағдары айқындалды. «100 нақты қадамда» ондай бағдарды орындау жолдары көрсетіліп отыр. Соған орай, Зиябек Қабылдинов қоғамда қалыптасқан мәселелердің бәрі Елбасы ай қындаған «100 қадамның» арқасында шешiлетініне сенімді екенін жеткізді.
«Бұл ретте Қазақстанды ұлтаралық келісім сақталған мемлекет ретінде көрсететін бірінші фактор бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сауатты саясаты, яғни бұл - президенттік фактор. Мемлекет басшысы өзінің айқындаған саясаты арқасында Қазақстанды ең толерантты, ашық әрі қонақжай мемлекет ретінде танытады. Бүгінгі Қазақстан әлем үшін - ұлтаралық келісім мен татулық елі», - деп атап өтті З. Қабылдинов.
Сонымен қатар, сарапшы бүгінгі әлемдік өзгерістерге тоқтала келе, ондай сыртқы қатерлерге қарсы тұрарлық күш - ел болып ортақ іске жұмылу екенін жеткізді. «Біз Елбасы айқындаған мақсат-міндеттерді орындауға күшімізді аямауға тиіспіз. Бүгінгі әлемде экономикалық дағдарыс белең алып, алып мемлекеттер бiр-бiрiне санкция жариялап жатыр. Ал бұндай жағдайда iшкi проблемаларды және әлемде орын алып отырған оқиғаның салдарын шешуге «100 нақты қадам» Ұлт жоспары өз септігін тигізе алады», - дедi сарапшы.