Сыртқы істер министрі Е. Қазыханов Австралия Парламентінің өкілдерімен кездесті
Кездесуден соң онда көтерілген мәселелер жөнінде журналистерге сұхбат берген Питер Нил Слиппердің айтуынша, жүздесуде тараптар Қазақстан мен Австралия арасындағы қарым-қатынастардың жайын сөз еткен. «Экономика саласы бойынша бізде тау-кен өндірісі мен ауыл шаруашылығы бойынша қатынастар басым бағытта. Біз сонымен қатар демократиялық бағытта дамып келе жатқан мемлекеттерміз. Жалпы бүгін біз Қазақстанның Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановпен де, осы елдің Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинмен де кездесу барысында қызықты да жан-жақты әңгімелер қозғадық. Қазақстанды да, Австралияны да қызықтыратын мәселелер сөз болды. Негізінен біз Қазақстанның 2017 жылы «EXPO 2017» көрмесін ұйымдастыру жайын талқыладық. Австралия халқының атынан біз өзіміздің игі тілектеріміз бен ыстық сәлемімізді жолдап, қазақ еліне сәттіліктер тіледік»,-деді ол.
Австралия бүкіәлемдік көрмелерді өткізетін мемлекет болып таңдалған. «Осындай мемлекеттің өкілі ретінде айтарым, ірі көрмелерді ұйымдастырудың тиімділігі мен жетістіктерін көрме ұйымдастырылғанға дейін көп уақыт бұрын және одан кейінгі уақытта да көруге болады. Біз сонымен қатар Астана қаласының келбетін сөз еттік. Астана сәулетшілер үшін және сәулет саласын зерттеп жүрген азаматтар үшін жұмақ қала. Біздіңше Астана қазақстандықтар нағыз мақтан ететін қала»,-деді мәртебелі мейман.