Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынас мәселелері бойынша кең ауқымды мәселелерді талқылады. Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың айтуынша, тәжікстандық дипломаттың Қазақстанға ат басын тіреуі екі елдің арасындағы қарым-қатынастарының қаншалықты жемісті екендігінің көрінісі. «Бүгін біз бірнеше сала бойынша ынтымақтастық пен бірлесіп қызмет жөніндегі мәселелерді талқыға салдық. Олардың арасында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен халықаралық ұйым аясында бірлесіп қызмет ету мәселелері бар. Бұл ретте айта кететінім осы айтылған мәселелердің барлығы бойынша
біз ортақ келісім бойынша қызмет етіп, бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз», деді Қ.Саудабаев.
Сондай-ақ оның сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстан мен Тәжікстан өкілдерінің Астана мен Душанбеде және халықаралық ұйым аясындағы кездесулері жақсы дәстүрге айналды. «Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып мен сізге және тәжік еліне Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету ісіне қолдау көрсетіп отырғандарыңызға алғысымды білдіргім келеді. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы саяси қатынастар сенімділігімен және тұрақтылығымен ерекшеленеді. Ал сауда-экономикалық қатынастарға келетін болсақ, біз өзіміздің мүмкіндіктерімізді толық пайдалана алмай отырмыз деп ойлаймын. Бұған әрине объективті де субъективті де себептер бар. Олардың ең бастысы - әлемдік қаржы дағдарысы. Біз бүгін сіздермен халықаралық ұйымдар аясында жемісті еңбек етудеміз. Осы орайда мен Тәжікстанның Ислам конференциясы ұйымына сәтті төрағалық етіп отырғандығын ерекше атап өткім келеді. Сіздердің аталмыш ұйым аясындағы жұмыстарыңызды келесі жылы біз жалғастырамыз. Сіздердің бастамаларыңыз лайықты жалғасын табады дегім келеді», деді Сыртқы істер министрі.