Сыртқы істер министрі ЮНИСЕФ басшысымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астанаға алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі жаһандық конференцияға келген ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Генриетта Формен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Форумды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және Қазақстан үкіметі ұйымдастырған болатын.

Қайрат Әбдірахманов Қазақстан тарапының бала құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерге адал екенін айта келе, осы саладағы Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі ақпаратпен бөлісті. Министр ЮНИСЕФ-ке Қазақстанға ана мен бала денсаулығы және балаларды қорғау мәселелеріне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. БҰҰ Балалар қорының қолдауымен кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігін дамыту және өмірдің барлық салаларында балалардың тең мүмкіндіктерін жасауға бағытталған бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда.

Г. Фор еліміздегі денсаулық сақтау деңгейі жөнінде жақсы әсерде екенін жеткізді. Ол Қазақстанның дамып келе жатқан әлеммен өз тәжірибесін бөлісуіне және оның орнықты дамуына жәрдемдесуіне тілектестігін білдірді.

Тараптар денсаулық сақтау кызметтерін жаппай қамтуға бағытталған істерді ілгерілетуде бір-бірін қолдауға келісті. Астана қаласында қабылданған декларация - 1978 жылы Алматы тарихи декларациясының логикалық жалғасы. Ол бұрынғы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар, Қазақстан ЮНИСЕФ-тің бүкіл әлемдегі шиеленіс аймақтарындағы балаларды қорғаудағы рөлі мен қызметіне ерекше мән береді. Өз кезегінде, ұйым Сириядағы жағдайды бейбіт реттеу бойынша Астана процесіне қызығушылық таныта отырып, оның шеңберінде жанжалдасушы тараптар балалардың құқықтарын қамтамасыз ету және оларды шиеленіс салдарынан қорғау үшін нақты қадамдар жасау қажеттігі айтылды.