Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық қызмет күнін атап өтті
СІМ-нен мәлім еткендей, шараға Президент Әкімшілігі, Парламент, министрліктер мен ведомстволар өкілдері және дипломатиялық қызмет ардагерлері қатысты.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қайрат Әбдірахманов министрліктің барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ егемендік пен тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан заманауи отандық дипломатияның бастауында тұрған Мемлекет басшысы - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас «сәулетшісі» болып табылатын дәйекті және тиімді сыртқы саясатты жүргізіп келетінін атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан әртүрлі халықаралық алаңдарда, платформаларда, бейресми форумдарда және көпжақты жаһандық және аймақтық келісімдерде толыққанды қатысушы болып табылатыны атап өтілді.
СІМ стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды және Елбасының жолдауларын іске асыру шеңберінде өзінің алдына қазақстандық дипломаттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кадр саясатының транспаренттілігі, дипломатияны цифрландыру, шешімдердегі прагматизм мен рационализм, әлемдік тәжірибені тарту және озық дәстүрлерге адалдық, сыртқы саясат ведомствосының жұртшылық үшін ашықтығы сияқты жүйелі сипаттағы міндеттерді қояды.
Министр басшылар құрамы, сондай-ақ орталық аппарат пен шетелдік мекемелердің қызметкерлеріне кезекті дипломатиялық рангтарды беру туралы ҚР Президентінің Жарлығы және Сыртқы істер министрлігінің бұйрығын оқып берді.
Ресми шара барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің жас дипломаттары - мемлекеттік қызметкерлер Отанға және халыққа қызмет етуге, заңдар мен Конституцияны қатаң сақтап, елдің мүдделерін мүлтіксіз қорғауға ант етті.