Сыртқы істер министрлігі Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты тұтас қамтитын бағдарлама әзірлейді - Е. Ыдырысов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның ЕО-мен ынтымақтастықты тұтас қамтитын бағдарлама әзірлейді. Бағдарлама нақты жобаларды қамтып, Елбасы белгілеген нақты міндеттерді шешетін болады. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай мәлім етті.

Еске салайық, жалпы отырыста «Бір жағынан Қазақстан Республикасы мен екінші жағынан Еуропалық Одақтың және оған мүше мемлекеттерінің арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын.
«Біз экономиканы жаңғырту және әртараптандыру жасап, жасыл экономикаға көшу, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру ісінде Еуропалық Одақтың көмегі мен тәжірибесін мейлінше кең пайдаланатын боламыз. ЕО өз тарапынан Қазақстанмен жасалған жаңа келісімге үлкен мән беретінін, Қазақстан осындай келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы ел екенін атап көрсетеді. Олардың пікірінше, жаңа келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы экономикалық және саяси байланыстарды терең дамытуға едәуір қарқын беріп, өңіріміздегі басқа елдерге жарқын үлгіге айналады », - деді Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.
Оның айтуынша, тұтастай алғанда Қазақстан мен ЕО арасындағы «екінші буын» келісімі ынтымақтастықтың ауқымын айтарлықтай ұлғайтады.
«Қазақстан ЕО арасындағы іс-қимылдың жаңа кезеңге шығатынын ескере отырып, біз «ЕО-ЕАЭО» желісі бойынша ынтымақтастық орнату идеясын ілгерілете аламыз. Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау Қазақстанның ЕО қарым қатынасын дамытудың жаңа кезеңіне айналады, бұл қатынастардың сапалы жаңа деңгейге көшкенін растайды. Құжат қабылданғаннан кейін Сыртқы істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қол жеткізілген келісімдер мен уағдаластықтарды іске асыру бойынша Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты тұтастай қамтитын бағдарлама жасауға кірісетін болады», - деді СІМ.