«Сауд тарапының ресми ақпаратына сәйкес, 2016 жылғы 27 қазанда Йемендегі көтерілісші-хусилер Меккеге қарай зымыран жіберді. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі көтерілісшілердің бұл әрекетін айыптайды. Мекке және Медине жыл сайын миллиондаған қажы, оның ішінде мыңдаған қазақстандықтар құлшылық жасау үшін зиярат ететін қасиетті мекен болып табылады. Бұл көзқарас бойынша мұндай әрекет өркениеттік, жалпы адамзаттық және ізгілік тұрғысынан алғанда мүлдем қолайсыз болып табылады», - делінген СІМ мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосы мұндай жауапсыз құйтырқы әрекеттер Йемендегі дағдарысты шешуге септігін тигізбейтінін, қақтығысты саяси реттеу келешегін алыстата түсетінін алға тартады.
«Қазақстан Йемендегі әскери әрекеттердің әрі қарай өршуінің қолайсыздығы туралы өзінің қағидатты ұстанымына берік екендігін растайды және осы дағдарысты реттеудің жалғыз дұрыс жолы саяси шешім болатындығын жақтайды. Осыған байланысты БҰҰ Арнайы өкілі Исмаил Ульд аш-Шейх пен өңір елдерінің Президент Абд Раббо Мансур Хадидің әкімшілігі және хуси қозғалысының өкілдері арасындағы тікелей келіссөздерді жандандыру бойынша күш-жігерлеріне қолдау білдіреміз», - делінген мәлімдемеде.