Сыртқы сауда айналымы 66688,1 млн. АҚШ долларын құрады - Статитика агенттігі

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Қысқа мерзімді экономикалық индикатор биылғы қаңтар-шілдеде былтырғы қаңтар-шілдеге қарағанда 3,6 пайызға артық болды.

Қысқа мерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ЖІӨ-нің 67-68 пайызын құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смаилов мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2012 жылғы қаңтар-шілдеде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2528,7 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда 2,7 пайызға артық.

2012 жылғы қаңтар-шілдеде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9363,3 млрд. теңгені құрады. Кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда өндіріс көлемі 0,7 пайызға, өндіріс өңдеу өнеркәсібінде 2,1 пайызға, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда 5,4 пайызға артты. Сумен жабдықтауда, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауда өндіріс 4,2% төмендеді.

Аталмыш уақыт аралығында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 587,9 млрд. теңгені құрап, 2011 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 5,3%-ға кемшін түсіп отыр.

Сондай-ақ, 2012 жылғы қаңтар-шілдеде жүк айналымының көлемі 263 млрд. теңгеге жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 13,6%-ға өсті.

Есепті кезеңде бөлшек сауда көлемі (қоғамдық тамақтандыру айналымынсыз) 2276,3 млрд. теңгені құрап, 2011 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 12,6%-ға өсті.

Ал көтерме сауда көлемі 5965,2 млрд. теңгені құрап, былтырғымен салыстырғанда 15,1% артты.

Агенттік төрағасының айтуынша, тамақ өнімдері мен сусындарды ұсыну қызметтерінің көлемі 110,8 млрд. теңгені құрады. Бұл сала былтырғы осы кезеңнен 12,2%-ға артық шыққан.

«Сыртқы сауда айналымы 66688,1 млн. АҚШ долларын құрап, 2011 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 14,2% өсті, оның ішінде экспорт - 46755,3 млн. АҚШ долларын (10,8% өсті), импорт - 19932,8 млн. АҚШ долларын құрады (23,2% өсті)», деп атап өтті Ә. Смаилов.