Сыртқы сауда-саттық конъюнктурасы біздің қаржылық секторымыздың кемшіліктерін жасырып отыр - Борис Уманов

АЛМАТЫ. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Мұнай мен металдың бағасы жоғары болып тұрғанда біздің әртараптандырылмаған шикізаттық экономика өзін жаман сезініп отырған жоқ.

«Еуразия сақтандыру компаниясы» АҚ-ның Басқарма төрағасы Борис Уманов бүгін Алматыда өтіп жатқан тәуекел менеджменті жөніндегі 8-халықаралық конференцияда осылай айтты.

«Жайлы сыртқы сауда-саттық конъюнктурасы әзірге біздің қаржылық секторымыздың көптеген кемшілігін жасырып отыр.  Оның бірі, тіпті жұмыс істемей отыр деуге болатын Қазақстан қор биржасы. Биыл Қазақстанда «Халықтық ІРО» атты бағдарлама іске қосылады. Оның аясында қарапайым азаматтарға мемлекеттік компаниялардың акцияларына ақша салу ұсынылады. Бюджеттен көптеген миллион теңге халықтың қаржылық сауатын көтеру бағдарламаларына, әлеуетті инвесторларды алдағы өзгерістер туралы хабарландыруға жұмсалады», - дейді Борис Уманов. Оның пайымдауынша,  гипотезалық тұрғыдан «Халықтық ІРО» болашақ кәсіби емес инвесторлардың акциялар нарығындағы алаяқтықтың тайғақ жолына түсуге мәжбүр болуына апарып соқтыруы мүмкін. Онда сөзсіз ұтылып, идеяның өзінен көңілі қалатын болады. Бұған жол бермеу үшін бағдарламаның қатысушылары тоқсан сайынғы дивидендтерді төлеп үйренуі тиіс.  Жекелеген инвесторлар мұндай компанияларды өздері таңдап, онымен көптеген жылдар бойы қалады. Осыған орай акция құнының құбылмалылығы  жағдайында халықтың Үкімет жұмысына көңілінің толмауын байқату тәуекелдері төмендейді. «Әлемдік қор алаңдарында акциялары саудаланатын жария компанияға қаражат салу кезінде бізді әрдайым тоқсандық дивидендтерді төлеу тәжірибесі қызықтырады. Біздің қоржында қатарынан 36 тоқсан дивиденд төленген акциялар бар. Осы жылдар ішінде бұл компания акцияларының құны өрлеуді де, құлдырауды да бастан кешіргенімен әрбір 3 ай сайын біз өз дивидендтерімізді дұрыс алып тұрдық. Қандай қазақстандық компания акционерлеріне деген осындай қамқорлықты мақтан тұта алады», - дейді «Еуразия» сақтандыру компаниясының Басқарма төрағасы Б. Уманов.