Сыртқы сектор статистикасы жаңа әдіснамаға көшті

АЛМАТЫ. 29 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі еліміздің сыртқы секторының статистикасын пайдаланушыларға Төлем балансы, халықаралық инвестициялық позиция және сыртқы борыш бойынша ақпарат беру құрылымының өзгергендігі туралы хабарлама таратты.

2013 жылға дейін Қазақстанның сыртқы секторының статистикасын қалыптастыру Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) төлем балансы жөніндегі нұсқаулығына (ТБН) сәйкес жүзеге асырылды. 2013 жылғы І тоқсанның есептерінен бастап Ұлттық банк жаңа халықаралық стандарттарға сәйкес келуді қамтамасыз ету мақсатында сыртқы экономикалық статистиканы ХВҚ-ның жаңа әдіснамасы - Төлем балансы және халықаралық инвестициялық позиция жөніндегі нұсқаулық (ТБН) бойынша қалыптастыруға көшті. Оның талаптарына сәйкес төлем балансы және халықаралық инвестициялық позиция бойынша жаңа құрылымға көшу статистикада жаңа экономикалық құбылыстарды көрсетуге және пайдаланушыларының талаптарын ескеруге мүмкіндік туғызады. Төлем балансының, халықаралық инвестициялық позицияның және сыртқы борыштың деректерін ТБН әдіснамасына сәйкес және жаңғыртылған дереккөздерінің негізінде толыққанды қалыптастыруды 2014-2015 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр.