«Сыртқы секторда баға өсімін баяулатуға ықпал ететін факторлар басым. Әлемде азық-түлік бағаларының одан әрі төмендеуі, Қазақстанның сауда-серіктес елдеріндегі төмен инфляция және дамыған елдердегі орталық банктердің мөлшерлемелерді одан ары арттыруға қатысты дайындығы байқалып жатыр. Биыл мамыр айында азық-түліктің әлемдік бағасы 2,6 пайызға төмендеді. Өсімдік майларының, дәнді дақылдар мен сүт өнімдерінің құны төмендеп келеді. Алдағы маусымда егін жинау бойынша неғұрлым қолайлы жағдайлар аясында астық бағасының нақты серпіні біз күткеннен де төмен болды. Тиісінше, азық-түліктің ішкі бағасы өсу тұрғысынан одан әрі баяулайтындай мүмкіндігі бар», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, Ресей мен Қытайда тұтынушылық инфляция төмен мәнде қалыптасып отыр. Ресей банкі мамыр айында инфляцияның өсу кезеңі басталғанына және негізгі мөлшерлемені көтеру мүмкін екеніне қатысты белгі берді.
«Еуроодақта жүргізілген ақша-кредит саясатының нәтижесінде бағаның өсуі біртіндеп баяулап келеді. Ал инфляция тұрақты күйінде қалып отыр. Бұл Еуропа Орталық банкі тарапынан барынша қатаң риторикаға алып келеді. Мұндай жағдай АҚШ-та да байқалып отыр. Онда Федералдық резервтік жүйе мөлшерлеме одан әрі артуы мүмкін екенін мәлімдеді. Осылайша, белгіленген нысаналы бағдарларға қол жеткізудің ұзақ мерзіміне байланысты күтулер аясында сыртқы монетарлық талаптар үздіксіз күшейіп келеді», - деді Ғалымжан Пірматов.