ОРАЛ. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Сырым Датұлы атындағы Сырым аудандық тарихи-өлкетану мұражайы құнды жәдігерлермен толыға түсті. Аталмыш мұражайдың Сырым залына батырдың төртінші ұрпағы Хадиша Құсайынованың ұлы Үмбет Әбибуллаевтан сонау Қызылорда облысы, Жаңақорған ауылынан Хадиша әженің тұтынған бұйымдары келді.
Кіші жүз қазақтары ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Сырым Датұлының баласы Қазы, одан туған Құсайын, одан Ғұбайдулла, Ғұбайдулладан Хадиша тараған. Хадиша отағасы Әбибулламен отыз үш жыл отасқан. Отағасы мен Хадиша әжеден Орынбасар, Әбжан, Үмбет, Дәулет, Алтынбек атты арыстай бес ұл тараған.
Міне, осы ұрпақтарының бірі Үмбет үлкен азаматтық танытып, Сыр елінен анасы Хадиша тұтынған бұйымдарды аудандық мұражай қорына жіберген. Сонымен Сыр елінен Хадиша әже тұтынған үш білезік, салы орамал, түкті кілем, кежім алаша, ұршықтың дөңгелек басы, кілем тоқпақ Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайының төріндегі көрмеден орын алды.
-Мұражайға жеткізілген бұл жиһаздар халықтың көзайымына айналып, тарих парақтарынан сыр шертпек. Аталарымыз бен аналарымыздың ұрпақтары аманаттаған жәдігерлерді бүгінде сырымдықтар қызықтап, тамашалауда,- дейді Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Гүлшат Сәлімгереева.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).