Сырым батыр туралы жаңа тарихи романның тұсауы кесілді

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен «Азаттық туын алғаш көтерген ардақты тұлға» атты Сырым Датұлының 270 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция аясында Сырым батырдың өмірбаянын бұрыннан зерттеп-зерделеп келе жатқан белгілі жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» атты тарихи романының тұсаукесері болды.

Роман батыр өмірбаянын зерттеудің жиырма жылдық жемісі болып табылады. Көркем шығармада мұрағат материалдары, ғылыми, тарихи және ғылыми-бұқаралық әдебиеттер бойынша жүргізілген зерттеулерге негізделген фактілер мен оқиғалар баяндалады.

«Бұл роман қазақ оқырманының көптен бері күткен кітабы деп айта аламыз. Өйткені Кеңес одағы кезінде тарихи романдар жазуда «бум» болған. Ал қазір тарихи романдарға деген сұраныс азайып, керісінше оның көркемдігіне деген талап күшейе түсті. Ал Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезеңі» осы талаптарға толығымен жауап береді деп сеніммен айта аламын», - дейді белгілі жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдік.

580 беттік кітап қатты мұқабамен, көркем суреттермен өңделіп басылған. Сол кездердегі Ресей империясының офицерлері киген киімдер, қазақ батырларының сауыттары автордың көп жылдық жинаған материалдары негізінде суретшілердің қылқаламынан шыққан. Кітап 2000 тиражбен басылды. Батыс Қазақстан облысының әкімі тағы 1000 данаға тапсырыс беріп, еліміздің кітапханаларына тарату ниетін білдіріп отырған көрінеді.