Сыйға тарту мен рента шарттары ережелеріне өзгерістер енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан Республикалық кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасы Қазақстанның 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын, сондай - ақ Үкіметтің заң жобалау жоспарын орындау мақсатында әзірленген. Заң жобасы азаматтық заңнаманы дамытуға және Азаматтық кодекстің рөлін нығайтуға бағытталған. Онда тауар-ақша қатынастары үшін зор маңызы бар бірқатар мәселелерді реттеу ұсынылады»,-деді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев.

Осы орайда азаматтық құқық қатынастары процесіне қатысушылардың диспозитивтік және адалдық қағидаттарының қолданысын күшейту қарастырылады. Мысалы, мүлік иесі иемдену мерзімінің өтіп кетуіне қарай құқыққа сыйымды әрекеттер нәтижесінде мүлікті иеленгенін дәлелдесе, ол адал иесі болып саналатыны қарастырылған.

Мұнымен қоса, азаматтық заңнаманың заңды тұлғалар туралы нормаларын жетілдіру ұсынылады. Осы мақсатта заңды тұлғаларға өзге оқшауланған құрылымдық бөлімшелер құруға мүмкіндік беріліп отыр. Бұл бизнесті жүргізу үшін артық әкімшілік тосқауылдарды жоюға қосымша шара болады. Сонымен қатар, шаруашылық серіктестіктегі үлесті иеліктен шығару жөніндегі мәміленің нотариаттық нысаны белгіленеді және еншілес ұйымның ұғымы нақтыланады.

«Заң жобасымен заттық құқықтар және олардың туындау негіздері туралы ережелерді кеңейту қарастырылған. Атап айтқанда, меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар туралы жалпы және арнайы ережелер жүйеленді және Азаматтық кодекске «Өзге де заттық құқықтар» атты жаңа тарау енгізілді.
Бұған қоса, мүлікті бөлу мүмкін болмаған кезде, сот оны жария сауда-саттықта сату туралы шешім қабылдау арқылы және алынған соманы кейіннен ортақ меншіктің қатысушылары арасында бөлуді көздейтін норма ұсынылады. Бұл түзету Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысын орындау мақсатында енгізіледі»,-деді министр.

Белгілі болғандай, міндеттемелер туралы жалпы және арнайы нормаларды жетілдіру ұсынылады. Азаматтық кодексте қамтылған міндеттемелер туралы нормалардың едәуір көлемі жалпы және арнайы нормалардың арақатынасын айқындауды талап етеді. Осыған орай, заң жобасында шарттық және шарттан тыс міндеттемелерге жалпы ережелерді қолдану мүмкіндігі көзделеді.

«Заң жобасы аясында Азаматтық кодекстің шарттық міндеттемелеріне, атап айтқанда, сатып алу, сыйға тарту, рента шарттары, комиссия туралы ережелеріне өзгерістер енгізіледі»,-деп атап өтті М. Бекетаев.