Бұл пікірін бүгін Экшн-фильмдердің «Astana» ІІ халықаралық фестивалінің ашылуына орай өткен баспасөз мәслихатында фестиваль президенті, режиссер Тимур Бекмамбетов айтты.
Астана күнін мерекелеу аясында былтыр алғаш рет өткізілген Тимур Бекмамбетовтың экшн-фильмдердің халықаралық фестивалі биыл кезекті рет шымылдығын ашқалы отыр. Биыл «АSTANA» атты халықаралық фестивальдің қызыл кілемі Бейбітшілік және келісім сарайының алдына төселді. Онымен бүгін кешқұрым Голливудтың белгілі кино жұлдыздары Стивен Сигал, Мишель Родригез, Майкл Мендсен және Арманд Ассанте, ресейлік тараптан Дмитрий Нагиев, Николай Валуев, Марат Башаров, Егор Кончаловский, Сергей Светлаков, Гоша Куценко, Екатерина Стриженова, Виктор Вержбицкий сондай-ақ, қазақстандық тараптан Досқан Жолжақсынов, Асанәлі Әшімов, Венера Нығматулина, Ерік Жолжақсынов, Фархат Әбдраимов, Әсел Сағатова, Әмір Қарақұлов, Ахан Сатаев, Игорь Вовнянко және Ардақ Әмірқұлов жүріп өтеді. Одан кейін «Пирамидада» Экшн-фильмдердің «АSTANA» ІІ халықаралық фестивалінің салтанатты жағдайда ашылуы болады.
«Экшн-фильмдердің кинофестивалі қарқынды дамып келе жатқан Астана сияқты қалада ғана өтуі мүмкін. Оны біз қала басшылығының ұйытқы болуымен ұйымдастырып отырмыз және олардың қызу қолдауларының арқасында, қалаға мереке сыйлау ниеттерінің арқасында фестивальдің ғұмыры ұзақ болады деп сенемін», - деді Т.Бекмамбетов.
Т.Бекмамбетовтың айтуынша, 1-5 шілде аралығында өтетін фестиваль барысында көрсетілетін картиналардың шеруі қазақстандық үш фильммен басталады. Оның бірі Егор Кончаловскийдің «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Возвращение в А» атты фильмі болса, екіншісі ресейлік актер Дмитрий Нагиевтің қатысуымен түсірілген Денис Куклин мен Лев Мариупольскийдің «Два пистолета» фильмі. Ал үшінші картинаны ұйымдастырушылар тосынсый ретінде құпияда қалдырды. Айта кетейік, фестивальда қазақстандық кинолента алғашқы рет 3D форматында көрсетілетін болады. Фестивальді Кэмерон Диаз пен Джастин Тимберлейктің басты рөлдерді сомдауындағы «Очень плохая училка» комедиясы аяқтайды деп күтілуде. Киносүйер қауымның назарына барлығы 21 фильм ұсынылмақ.