Т.Ермегияев қазақ әнұраны төңірегіндегі оқиғаны анықтауға уәде берді

АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев Кувейтте өткен нысана көздеуден

Әлем чемпионатында Қазақстанның әнұранына қатысты туындаған оқиғаның шығу төркінін анықтауға уәде етті. Бұл туралы ол бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, чемпионатта қазақ спортшысы Мария Дмитриенконы марапаттау кезінде Қазақстанның әнұранының орнына американдық «Борат» фильміндегі ән қойылған еді. Осыдан кейін Қазақстан тарабы ұйымдастырушыларға шағым түсірген-ді.  «Марапаттау басталар алдында біз ұйымдастырушылар алқасынан «еліміздің әнұраны бар ма?» деп сұрадық. Олар мүдірместен «Ия!», деп жауап берді. Кейінірек білгеніміздей, ұйымдастырушалар гимнді интернеттен жүктеп алыпты. Сербия құрамасының спортшысын марапаттаған сәтте, сербтердің әнұраны шырқалды. Кейін біздің жеңімпаз Мария Дмитренко жеңімпаз ретінде тұғырға шыққанда, масқара жәйт орын алды. Ұйымдастырушылар «Менің Қазақстанымның» орнына «Борат» киносындағы әнді қоса жөнелді. Бәріміз аң-таң болып қалдық», - депті осы жайтқа түсінік берген еліміздің нысана көздеу спортының бас бапкері Әнуар Юнусметов   Аламан ұлттық спорт порталына берген сұхбатында.

«Парижде өткен Әлем чемпионатында марапаттау рәсімі барысында Қазақстанның ескі әнұранының орындалуы оқиғасынан кейін барлығына да бұндай оқиғаларға жіті қарау керектігі ескертілген болатын. Осы халықаралық жарыста оқиғаның қайталануы өкінішті-ақ», - деді Т.Ермегияев.