Бағдарлама барысында Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу туралы Үкіметке жүктелген тапсырманың орындалуы туралы сұрақ қойылды.
«Президент Жолдауында бізге ІТ экспортты 1 млрд долларға жеткізу тапсырылды. Біз осы тапсырманы орындай аламыз. Бұған бірнеше саланың ықпалдасып жұмыс істеуі әсер етеді. Біріншіден, ІТ мамандықты алу жөніндегі ІТ білімді жақсарту ескерілген. Яғни уиверситетте оқып шыққан білімді түлектердің заманауи технологияларды игеруі маңызды. Екіншіден, Astana Hub немесе басқа да осындай ұйымдарда акселерация бағыты, сондай-ақ оларда ІТ компаниялар мен стартаптарды құруды әрі халықаралық деңгейге шығуды үйретуі де маңызды қадам. Үшіншіден, венчурлық инвестицияларды Қазақстанға тарту ескеріліп отыр», - деді Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, 2020 жылы Қазақстанда ІТ қызметтерінің экспорты 30 млн долларды құрады. 2022 жылы бұл көрсеткіш 250 млн долларға жетсе, 2023 жылдың алты айында 247 млн доллар шамасында болды.
«Атап айтқанда, биылдың қорытындысы бойынша 500 млн доллардан асады деп жоспарлап отырмыз. Енді, 2026 жылға дейін 1 млрд долларға жеткізу керек, яғни екі жылда 2 есеге өсіру міндеті тұр. Министрлік ретінде ІТ-Hub-тарды, акселерациялық бағдарламалар құрамыз, мамандардың Қазақстанда көбеюіне ықпал етеміз. Осының барлығы экожүйені құрап тұр. Экожүйе дамыған сайын елімізде мамандар көбейіп, ІТ компаниялар көптеп ашылады. Қазір бізге шетелден келіп жатқан біраз компания бар. Astana Hub-тың ішінде 1,3 мың компания болса, соның 250-і шетелдік компания саналады», - деді министр.