ІТ мамандары елімізде жемқорлықты анықтауға қалай көмек көрсете алады

Әли Шалбаев - үлкен деректерге сараптама жасау арқылы мемлекеттік сатып алу порталындағы келісімшарттардан жемқорлық тәуекелдерін анықтай алатын маман. Таяуда ғана ол Қазақстан Мемлекет басшысының қолынан награда алған еді. Әли Президент Іс басқармасы инженерлік-техникалық бөлімінің бас әзірлемешісі ретінде өзінің жұмысы, еліміздегі Data Science пен сараптаманың болашақ нарығы жайлы егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды Кazinform.

Фото: Kazinform

- Ең алдымен немен айналысатыныңыз жайлы жан-жақты айтып берсеңіз...

- Мен үлкен деректерді сараптайтын маманмын. Деректер сарапшысы - маңызды шешімдерді қабылдауға көмек бере алатын кестелік мәліметтерді өңдейтін, қорытынды шығаратын маман. Ал өзіме келер болсам, Президент Іс басқармасы жүйесінде мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сараптама жасаймын, келісімшарттардағы жемқорлық тәуекелдерді анықтаймын. Сонымен қатар «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» сынды ұлттық жобаларды мониторингілеу жүйелерін әзірлеуге қатысамын. Жүйе еліміздің әрбір азаматына шынайы уақыт режимінде ұлттық жобалар аясында салынатын мектептер мен ауруханалар құрылысының қандай сатыда екендігін қадағалауға мүмкіндік береді.

- Қандай қиындықтарға тап болуыңызға тура келеді?

- Мемлекеттік сатып алулардағы тәуекелдерді анықтаған жағдайда оларға қатысы бар тұлғалар өздерінің қателіктерінің жалпыға жария болғандығын қаламайды. Дегенмен, барлық уақытта да мемлекет мүддесін ең жоғары қоямын. Екінші қиындыретінде мүмкіндіктерді айтар едім. Бұл технологиялардың дамуына үнемі қадағалап отыру қажет. Айталық, өзім техникалық дағды тұрғысынан үнемі тонуста болуым үшін freeCodeCamp, Kaggle сынды порталдар арқылы түрі курстардан жиі өтемін.

Фото: Kazinform

- Мамандығыңызды қалай таңдадыңыз?

- 2019 жылы Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін бітірдім. Мектебіміз 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкен және 10 сыныпты аяқтағаннан кейін өзіңді одан ары дамыту үшін бейінді бағыт таңдау қажет болды. Сол уақытта таңдау информатикамен қатар физикаға түсті. Бағдарлама жасаумен ертеректен айналысып келемін. 2016-2017 жылдардың өзінде LEGO EV3 базасында робот техникасы бойынша олимпиадаларға қатысып, облыстық және республикалық деңгейде жүлделі орындар алдым. Мектепті бітіргеннен кейін үлкен деректерді сараптау бойынша Astana IT University-ке оқуға түсуге шешім қабылдадым. Сол уақытта-ақ үлкен деректердің болашағы зор екендігін білген едім. Университетте жасанды интеллектінің өзіндік моделін жасауды, деректерді өңдеп, соның негізінде қорытынды жасауды оқыдық.

- Мамандығыңыздың Қазақстандағы болашағы қандай?

- Сараптама мен Data Science нарығы бүгінде елімізде өте қарқынды дамып келе жатыр. Оған Президентіміздің Digital Bridge форумында сөйлеген сөзі де түрткі болып отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанда жасанды интеллектіні кеңінен қолдану республиканың дамуы үшін негізгі факторлардың бірі бола алатындығын айтты. Жасанды интеллекті әзірлеу үшін талдау және үлкен деректерді өңдеу саласының мамандары қажет екендігін түсінген жөн. Өйткені, жасанды интеллект тарихи деректерден үйренеді. Бұл деректерді машина оларды дұрыс түсіну үшін тазалап, өңдеу қажет. Сондықтан да, таяу жылдары еліміз үшін салыстырмалы түрде жаңа салада мыңдаған жұмыс орындары пайда болады.

- Таныстарыңыз бен қатарластарыңыздан арасынан елден кетіп жатқан кадрларды байқадыңыз ба? Оған қалай қарайсыз?

- Өкінішке орай, шынымен де мұндай тренд байқалады. Негізінен мықты техникалық мамандар Apple, Amazon, Meta сынды әлемдегі алып ІТ-компанияларға кетіп жатыр. Студенттердің көпшілігі бірінші курстан-ақ FAANG-ке (Facebook, Apple, Amazon, Netflix, Google аббревиатурасы) жұмысқа орналасуды мақсат етеді. Олардың шешімдеріне түсіністікпен және құрметпен қарау керектігі сөзсіз. Ол мамандар аталған компанияларда теңдессіз тәжірибе жинайды. Ақылды жастарымыздың елге оралып, мемлекетіміздің ІТ-саласының дамуына өз үлесін қосқаны барынша маңызды.

Фото: Kazinform

- Болашаққа арналған жоспарыңызбен бөліссеңіз…

- Менің ең үлкен жоспарым – ол елімнің азаматтары бай-бақуатты әрі молшылықта өмір сүруі үшін әлемнің дамыған державалары тізіміне кіруіне көмек көрсету. Маған 1980-ші жылдарда танымал болған «жаһандық ойлау, жергілікті деңгейде әрекет ету» деген ұран ұнайды. Адам әр уақытта да алдына өршіл мақсаттар қояды деп санаймын. Бірақ, өзіңнен бастауың қажет, өзінің құзіретің аясында мінсіз болуға тиіссің.

- Таяуда Мемлекет басшысынан Құрмет грамотасын алдыңыз. Алған кезде қандай сезімде болдыңыз?

Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екендігі сөзсіз. Марапаттау рәсімі алдында аздап қобалжыдым. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің дамуына қосқан үлесімді бағалауына сенім қиындау болды. Жастардың өзін-өзі дамытуға және жаңа, қуатты Қазақстанды құруға өз үлестерін қосуға мол мүмкіндіктер берген еліміздің жоғары басшыларына шексіз ризамын.

- Сұхбатыңызға рақмет!