Т.Мансұровтың «Нұрсұлтан Назарбаевтың іске асырылған еуразиялық жобасы» кітабы таныстырылды

АСТАНА. 22 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін елордада өтіп жатқан V Астана экономикалық форумы барысында ЕурАзЭҚ бас хатшысы Тайыр Мансұровтың «Нұрсұлтан Назарбаевтың іске асырылған еуразиялық  жобасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Аталған кітапта 1994 жылдың наурызында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде алғаш рет ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған еуразиялық жобасының жүзеге асырылуы деректі негізде жан-жақты қарастырылады.

Автордың атап өтуінше, Елбасы жобасының іс жүзінде нақты жүзеге асырылуына Еуразиялық экономикалық қоғамдастық пен Кеден одағы және қалыптасып келе жатқан  Бірыңғай экономикалық кеңістік дәлел бола алады.

Монография авторы өз еңбегінде посткеңестік елдер алдында ашылатын жаңа мүмкіншіліктер мен перспективалардың экономикалық және әлеуметтік дамуының тиімді басты тетігі ретіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық жобасының тарихи рөлін барынша ашып көреткен.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев бұл еңбекті тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар басқа да елдердің жоғары оқу орындарында оқу құралы ретінде пайдалануға кеңес беретіндігін баса айтты.