Т.Мұсабаев байқоңырлықтарды ғарыш күнімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Байқоңыр» газетінің мерекелік санында Қазақстан мен Ресей ғарыш ведомстволары басшыларының адамзат баласының ғарышқа ұшуының 55 жылдық мерейтойына орай құттықтаулары жарық көрді.

«Байқоңыр» ғарыш кешені тұрғындары мен қызметкерлерін қазақстандықтардың атынан ҚР Президентінің кеңесшісі, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев, Қазғарыш төрағасының міндетін атқарушы Еркін Шаймағамбетов және Байқоңыр қаласының құрметті азаматы, Қазғарыш төрағасының орынбасары Ерғазы Нұрғалиев құттықтады.

ҚР Президентінің кеңесшісі Талғат Мұсабаев өз құттықтауында әлемдік ғарыштың бесігіне айналған «Байқоңыр» ғарыш кешенін бірлесіп пайдалану Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі болып отырғандығын атап өткен.

«Кез келген ғарышқа ұшуды жүзеге асыру және оның табысты орындалуы жердегі дайындық жұмыстарына, «Байқоңыр» ғарыш айлағының жерүсті инфрақұрылымы мамандарының қажырлы еңбегіне, ғарыш саласының барлық қызметкерлеріне байланысты екендігі ешкімге де құпия емес. Осынау мереке күнінде қызметі ғарышты игерумен байланысты барлық мамандарды құттықтаймын. Сіздердің жұмыстарыңыз - бұл біздің болашақ ұрпаққа табыстайтын заманауи ғылым мен инновацияға, алдыңғы қатарлы технологияларды дамытуға қосқан үлес», - делінген құттықтауда.

«Қазғарыш» баспасөз қызметі ақпаратына қарағанда, Талғат Мұсабаев пен Еркін Шаймағамбетов  «Ресейғарыш» мемлекеттік корпорациясының шақыруымен адамзат баласының ғарышқа алғаш ұшуының 55 жылдығына арналған Кремльдегі салтанатты жиынға қатысу үшін Мәскеуде жүр.