«Тəуелсіз Қазақстан» пойызының құрамындағы қоғам қайраткері есілдік жетім балаға ҚТҚЖБ-нен есепшот ашып берді
22:46, 14 Қараша 2016
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының Есіл қаласында «Тəуелсіз Қазақстан» пойызы болып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тəуелсіздіктің 25 жылдығын ту еткен пойыз құрамында болған 200 астам сан сала мамандары күні бойы есілдіктіктерге қызмет көрсетті. Олардың арасында ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, жеті министрлік пен үш ұлттық компаниялардың өкілдері бар.
Осы ретте, Есілдегі балалар үйінде болған астаналық қоғам қайраткері Арыстан Жұмағали тәрбиеленушілердің қолдан жасаған бұйымдарын сататын интернет магазин ашу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, ол балалар үйінің ең кішкентай тәрбиеленушісі Александр Фелехиннің атына 15 мың теңгеге ҚТҚЖБ-нен есепшот ашып берді.
Еске сала кетейік, Астанадан шыққан пойыз 35 елді мекенді басып өтіп, 43 күннің ішінде Алматы қаласында тоқтайтын болады.