«Жаһандануға, шетелдік отарлаушылыққа қарсы қоятын бір-ақ күш бар, ол - ұлттық негіз. Ұлттық рух, ұлттық мәдениет пен ұлттық тілсіз жаһандануға ешбір ел қарсы тұра алмайды. Мағжан өз шығармасы арқылы осы ұлттық негізді қорғайды», - дейді кітапты құрастырушылардың бірі, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының президенті Мәмбет Қойгелді. Ғалымның пайымдауынша, «Табалдырық» жазылған уақыт қазақ зиялылары үшін күрделі де ауыр уақыт болатын. Ұлт-азаттық қозғалыстың жеңіліске ұшырауы, мемлекеттік автономия алу әрекетінің іске аспай қалуы ұлт зиялыларын тұйыққа тіреді. «Табалдырық» арқылы Мағжан ақын қаламдастарына осы тығырықтан шығатын жолды ұсынды. Оның ұстанымында әдебиет идеология құралы болуға тиіс емес. Оның міндеті ұлттың биік адамгершілік, азаматтық және эстетикалық сезімін оятып қалыптастыру арқылы оны жаңа өмірге даярлау еді.
«Біз бүгін өткен ғасырдың 20-жылдары, қазақ әдебиетінде «Табалдырық» сияқты шығарманың өмірге келіп, сол арқылы қазақ елінің күрделі өзгерістерге қатысты өз көзқарасы мен ұстанымын білдіре алған ел қатарында болғандығын мақтан тұтмыз. Ұлы Мағжан ақынның қаламынан туған «Табалдырық» қазақ көркемдік ойы мен мәдениетін әлемдік өркениетпен жалғастырып, қазақ елін әлемдік мәдени кеңістікте өз орны, өз қолтаңбасы бар ұлт дәрежесіне көтеріп тұр. Мағжан түсінігінде әдебиет ұлттық сананың оянуына ғана емес, жаңа заман, жаңа жағдайда ұлттық сананың кемелдікке өтуіне көмектесе алады», - деді тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді.