"Біз көктем мерекесі - Наурызды осындай акция өткізіп қарсы алуға шақырамыз", - деді табиғат қорғаушылар бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында.
«Табиғат» Экоодағының басшысы Мэлс Елеусізовтың айтуынша бұл шара - кең ауқымды акция болмақ. «Акцияның бірінші кезеңі 20 наурызда басталады. Одан кейін айдың соңына дейін қалған ағаштар отырғызылатын болады. Айта кететінім, бұл акция жаңашылдық емес, біз осы сынды акцияны 10-15 жылдан бері өткізіп, ағаш егіп келеміз. «Рекорд» көрсету үшін бұл шараны бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Жыл сайын Наурыз мерекесі қарсаңында әр адам ағаш егуді дәстүрге айналдырса, бұл жақсы игі іске айналар еді. Бұл акция қызықты да, пайдалы болады деп ойлаймын»,-деді ол.
Оның айтуынша қазірдің өзінен табиғатшылар еліміздің Президентіне үндеу жазып, барлық партиялар мен әкімшіліктерді қолдауға шақыруда.
"Егер барлық қазақстандықтар акцияға қолдау білдірсе, біз міндетті түрде Гиннестің рекордтар кітабына енеміз және бұл шараға әлемдік қауымдастық қосылады деп ойлаймын. Сонда ғана біздің Наурыз мерекесі бүкіл әлемде тойланатын болады",-деді ол.