Табиғатта ауру қоздырғыш микроорганизмдердің тарауының өз заңдылығы бар – маман

Тұрғындар арасында маусымдық ауруларға шалдығатындар көп. Оған себеп жұқпалы аурулар қоздырғыштарының - вирустар мен бактериялардың ауада, адам арасында еркін тарауы. Маңғыстау облысының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадыр Kazinform тілшісіне берген сұхбатында бактериялардың тарау заңдылығын түсіндіріп, эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу туралы айтты. 

Фото: Kazinform

– Маңғыстау облысындағы эпидемиологиялық ахуалды қалай бағалайсыз?

– Маңғыстау облысындағы эпидемиологиялық жағдайды вирустық инфекциялармен тұрақсыз деп бағалауға болады. Себебі 3 ай көлемінде қызылша ауруының эпидемиологиялық деңгейінің көтерілгені байқалады. Ауру жоғары деңгейде тіркеліп отыр. Әсіресе балалардың арасында жиі кездесіп жатыр. Сонымен бірге көкжөтел ауруы өршіді. Күз мезгілі келгелі вирусты инфекциялардың эпидемиологиялық маусымы басталды. Тамыз айынан бері бірлі-жарым короновирус инфекциясы тіркеліп келе жатыр. Осы жағдайларды ескере отырып, эпидемиологиялық жағдайды салыстырмалы түрле тұрақсыз деп айта аламыз.

– Қызылша, көкжөтел ауруларының асқынуына не себеп болып отыр? 

– Табиғатта ауру қоздырғыш микроорганизмдер арнайы табиғи заңдылықпен, сырттай қарағанда гормониялық тербеліс түрінде жүреді. Тағы бір қағида – табиғатта бос кеңістік болмайды. 2 жыл бойына басымдық, үстемдік көрсеткен короновирус панедемиясы кезінде, басқа қоздырғыштарда аса бір белсенділік болған жоқ. 
Короновирус инфекциясы бәсеңсіген тұста басқа вирустар бой көтерді. Бұл – заңдылық. Ал өршуіне келер болсақ, оған көбіне вакцина алмаған, иммунитеті әлсіз тұрғындардың топтасқан қабаттары себеп болады. 2015 жылы Жаңөазен қаласында вакцинацияға қарсы үлкен бір науқан болды. Ол бірнеше жылға созылды. Қалай болғанда да сол вакцинация алмаған балалар қазір ересек болды, олар иммунитеті әлсіз топқа жатады, олар иммунитеті әлсіз қабат түзді. Олардан туған балаларда да иммунитеті төмен дәрежеде қалыптасты. 

Солардың арасында вирус еркін түрде тарап, жұқпалы инфекциялық аурулардың жоғары деңгейі Жаңаөзен қаласында тіркеліп отыр. Сонымен қатар қазіргі таңда балаға екі айынан бастап салынатын АбКДС вакцинасының құрамында бар көкжөтел компоненті алынбағандықтан көптен бері тіркелмей жүрген көкжөтел ауруы бас көтеріп отыр. Ол вакцина алынбаған балалардың саны үлкен бір қабатқа жеткен кезде бізге осындай эпидемиологиялық қолайсыздық әкеледі.

– Бір кездері өңірде вакцинацияға ата-аналардың жаппай қарсылық білдіргенін білеміз. Олар қазір қандай көзқараста?

– Вакцинацияға қарсылық соңғы 10 жылдың көлемінде бізге үлкен мәселе болып отыр. Әртүрлі себептермен бас тарту көбейді. Дәл қазір 1 000-ның үсінде бала вакцинация алудан бас тартып отыр. Әрине, балаларға ата-аналарының ықпалы болады. Біз дегенмен ай сайын емханалардан есебін алып, статистика жүргізіп отырмыз. Әртүрлі діни бағыттардың да екпе алмауға ықпалы тиіп отыр. Әлеуметтік желіде вакцина туралы әңгімелердің тарауынан тұрғындарда қорқыныш сезімі ұялап қалған, сенімсіздік пайда болған. Біз өз жұмысымыздың барысында тұрғындармен кездесу кезінде түсіндіріп, оның маңызын айтып келе жатырмыз. Соны түсініп вакцина алып жатқандар да бар. Америкада вакцинаны азаматтар ақылы түрде алады, ал біздің елде иммундау тегін жүреді. Мемлекетіміздің басты құндылығы – адам, халықтың денсаулығы үшін ақысыз ұйымдастырылып отыр. Адамдар соны түсінуі керек. Көптеген инфекцияның өз бетінше жойылып кетуі деген болмайды, оны тек қана вакцинация немесе адамның иммунитетін күшейту арқылы ғана жеңе аламыз. Оған дәлел, кешегі короновирустың табиғи толқынын біз тек вакцинация арқылы ғана 2 жылда баса алдық. Әйтпесе, төмендеу тендендиясы бірнеше жылға созылар еді. 

– Адамдар вакцинациядан неге қорқады? 

– Кез келген өлі вакцина ол сол ауру қоздырғышының антигенінен дайындалады. Тірі вакцина, ол – сол қоздырғыштың әлсіздендірілген өзі. Ол ағзаға барғасын қалай болмасын әсер етеді. Ал ағза сезімталдығына байланысты әртүрлі қабылдайды: біреулер қатты сезінеді, ал біреулер мүлде сезінбейді. Сол сезінуді халық кері әсері деп қабылдап жатады. 

– Өзіңіз вакцина аласыз ба?

– Мен жыл сайын тұмауға қарсы вакцина аламын. Ол өлі вакцина, оның қуаты бір жылға жетеді. Жақында кезекті вакцинаны алдым, ешқандай реакция жоқ, өзімді жақсы сезінемін.

– Қазір тұмауға қарсы вакцинация жүргізіліп жатыр. Белсенділік қалай?

– Жыл сайын қазан айының басында эпидемиологиялық маусымның басында жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға тұмауға қарсы вакцина сатып алынады. Биыл 90 мың мөлшерде вакцина сатып алынды. Біз егу арқылы тұмаудың асқынуының алдын аламыз. Вакцинацияның сататистикасы Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасында күнделікті бақылауға алынып отыр. 46 000-нан артық тұрғынымыз вакцина алды, олардың ішінде медицина қызметкерлері бар, сонымен бірге өздері келіп егіліп жатқан тұрғындар да бар.

– Жиі тұмаумен ауыратын адамдар осы қыста вирустан қалай сақтану керек?

– Әлемде ЖРВИ-дің 200-ден астам қоздырғышы бар. Оның барлығы бізді қоршаған ортада жүр және қазір қозатын кезі. Соның бәрін біліп тұрып, біз иммунитетті көтеруге тырысуымыз керек. Қазір нарықта бәрі қолжетімді: көкөністер базар сөрелерінде толып тұр, табиғи өнімдер де оңай табылады. Құрамында аскорбин қышқылы бар өнімдерді көбірек тұтыну керек. Сондай-ақ физикалық белсенділікті арттырған жөн. Біздің айналамызда вирус өте көп. Сарымсақ пен жуаны тамаққа қосып жеу қажет. Сарымсақты ашып қою да ауадағы қоздырғыштарды өлтіреді. Ал иммунитетіңіздің тым әлсіз екенін білсеңіз, вакцинация алып жүрсеңіз, ұтылмайсыз. Вакцинация алу тек бір аурумен қорғанышты күшейтпейді, бүкіл ағзаны қуаттандырады. Бұрынғы ата-бабаларарымыз алмаған деп баяғы заманмен салыстыратын адамдар да бар, бұл жағдай салыстыруға келмейді. Ол кездегі адамдардың салыстырып қарасақ, өмір жасы қысқа болған. Ал қазір адамрдардың өмір жасы ұзарып келе жатыр. Бүгінгі медицинаның мақсаты да сол. Бұрынғы және қазіргі өмір сүру салты, миграция, логистика, тамақтану, адамдардың қарым-қатынас, ұжымдық қызмет деңгейі салыстыруға келмейді ғой. 

– Маман ретінде оқырмандарымызға ауырмау үшін қандай кеңес бересіз? 

– Құрметті ата-аналар, тұрғындар, бүгінгі таңда вакцинацияның маңызы әлемдік деңгейде ғылыми дәлелденді, әртүрлі ақпаратқа еріп, өз балаңыздың болашағына балта шаппаңыз. Дер мезгілінде вакцинациясын алсын, өзінің қатар-құрбысының арасында емін-еркін дені сау, ауырмай, ойнап-күліп жүрсін. 

Бір ғана АбКДС вакцинасын алмағаннан бала көкжөтелге шалдықса, бала шиқылдап, жөтеліп ауа жетпей жатқан кезде оның миындағы гипоксия сол баланың өсу деңгейін сонша минутқа кейін шегереді және ол асқынуларымен қауіпті. Балаңызды қатарынан кем қылмаңыз. Ауырмайық, ауырмаудың жолын іздейік. 

– Сұхбатыңызға рахмет!