Қаланың орталық көшелерін су басып, көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына қиындық келтірді. Жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында төтенше жағдайдың алдын алу және оны жою жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті. Комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев қаладағы ахуалды тұрақты бақылауға алып, барлық мекеме басшыларына жағдайды қалыпқа келтіруді тапсырды.
- Қазіргі кезде Арал қаласындағы шағын аудандарда және ауданға қарасты ауылдық округтерде жағдай тұрақты бақылауға алынып, тіршілікті қамтамасыз етуші маңызды инфрақұрылымдық желілер қайтадан қалпына келтіріліп жатыр. Сондай-ақ су басқан көшелер арнайы сусорғыш техникалардың көмегімен тазартыла бастады. Коммуналдық сала қызметкерлері күшейтілген режимге көшті. Жағдайды қалпына келтіру бағытында жұмысшы топ үздіксіз қызмет атқарады, - делінген хабарламада.
Қалыптасқан жағдай аудан әкімдігінің қатаң бақылауында. Бұл бағытта арнайы кезекшіліктер ұйымдастырылды.
Аудан әкімдігі тұрғындарды табиғаттың тосын мінезінен болған уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытып, сабыр сақтауды сұрады.
Синоптиктер 31 шілдеде Қазақстан аумағында қауіпті метеорологиялық құбылыстарды болжаған еді.