Табиғаттың тосын мінезі Қызылорда халқын әбігерге салды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласында 25 ақпан күнгі табиғаттың тосын мінезінің салдарын жою бағытында қызу жұмыс жүріп жатыр.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кеше көктайғақ кезінде жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысы шектелді. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшіріліп, қажетті шаралар қабылданды.
— Қатты желдің салдарынан талдар сынып, электр желілеріне зақым келтірді. Жарық бағаналары құлап, қаланың бірнеше аймағында жарық өшті. Электр тораптары мекемесінің мамандары жедел әрекетке көшіп, ақауды қалпына келтіріп жатыр. Бұл жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз, — делінген хабарламада.
Коммуналдық сала қызметкерлері қатты желге шыдамай құлаған талдарды алып, көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазалап жатыр. Көктайғақтың алдын алу мақсатында «Қызылорда тазалығы» мекемесі арнайы техникалардың көмегімен жолға құм-тұз қоспасын септі.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында ауа райының күрт өзгеруі жол қозғалысын қиындатқан еді.