Табиғатты қорғау заңын бұзағандар жарты миллион теңге айыппұл төлейтін болды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан облысында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізген полицейлер жүзден астам құқықбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

20-24 қазан аралығында өткен шара барысында табиғатты қорғау полиция қызметкерлері 6 экологиялық қылмыс пен 99 әкімшілік құқықбұзушылық әрекетін тіркеді. Тәртіп сақшылары Келес ауданында жергілікті тұрғынның көлігін тексеру барысында, балық аулайтын заттар мен 15 келі заңсыз ауланған балық табылды. Жауап алу кезінде бұл тұрғынның Сырдария өзенінен заңсыз балық аулағаны анықталды.

Сондай-ақ, полицейлер ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу жәйттерін анықтады. Отырар ауданында тұрғындар сексеуіл ағаштарын заңсыз кесіп, оны екі жүк көлігіне артып келе жатқан. Анықталған барлық заңбұзушылық әрекеттер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Табиғатты қорғау заңдылығын бұзғаны үшін 99 әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жарты миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.