Табиғаттың тосын мінезі басылар емес

АСТАНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат - Жер шарының барлық түкпірінде табиғат апаттары өршіп тұр, деп хабарлайды «Вести.Ru» басылымы.

Американың Айова штатында су тасқыны қаупінің салдарынан жүздеген адам қауіпсіз аймақтарға көшірілді. Онда нөсер жауынның салдарынан бөгеттердің бірін су шайып кетіп отыр. Еуропада да нөсер жауын басылар емес. Ал Оңтүстік Америкада - соңғы 50 жылдағы ең суық қыс тіркелді.

Табиғат апаттарына қатысты репортаж жасаған «Россия 24» телеарнасының ақпаратына сүйенсек, АҚШ-тың Чикаго қаласында қатты циклон орын алды. Оқиға салдарынан 50 мыңнан астам адам жарықсыз қалып отыр. Мегаполистің жекелеген аудандарында тұтас тұрғын үй орамдарын су басып қалған. Бірнеше автомагистральдер жабылған. Жергілікті энергетикалық компанияның ақпараты бойынша, жарық желісін толық іске қосуға бірнеше күн керек. Ал есесіне, Нью-Йоркте керісінше аптап ыстық. Көлеңдегі ауа райының өзі - 38 градус шамасында.

Биылғы шілде айы оңтүстік жартышар үшін, оның ішінде Перу үшін температуралық рекордтарға бай мезгіл болып отыр. Оңтүстік Америка тұрғындары биылғы қыс олар үшін соңғы жарты ғасырдағы ең суық қыс болғанын айтуда. Перуде елдің жарты аймағында төтенше жағдай жарияланып отыр. Онда термометр бағамы минус 27 градусқа дейін төмендеп, осымен екінші апта қатарынан қатты аяз сақталуда. Ондаған адам үсіктен қаза болды.

Ал Чили қалың қардың астында қалып отыр. Елдің ауыл шаруашылығына үлкен шығын келді. Мал басын сақтап қалу үшін, өкімет алыс өңірлерге гуманитарлық көмек ретінде жем-шөп жеткізуде.

Табиғаттың тосын мінезінен Еуропа да зардап шегуде. Бірнеше сағатқа созылған қатты жел мен нөсер жауын Польшаны біраз әбіржітіп тастады. Ал Италияның солтүстік аудандарында қатты дауылдың салдарынан жүздеген атам баспанасыз қалып отыр.