Табиғи аумақтарда өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге 4,1 млрд теңге бөлінді

Фото: Ашық көздерден алынған фото
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өртті ерте анықтау жүйесі енгізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге 4,1 млрд теңге қарастырылған. Осы бағытты қаржыландыру 2027 жылға қарай ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы территориясының 15 пайызын қамтуға мүмкіндік береді», - деп баяндады бүгін Зүлфия Сүлейменова Үкімет отырысында.

Бұдан басқа, министр 1 шілдеден бастап орман қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысы өсетінін атап өтті.

«Орман қорғау мекемелері жұмыскерлерінің жалақысы лауазымдық жалақыдан 100% артады. Атап айтқанда, атқаратын лауазымына байланысты орташа 101 мыңнан 320 мың теңгеге дейін өседі», - деп тоқталды ол.

Сонымен қатар, Зүлфия Сүлейменова табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жетілдіруге 8,2 млрд теңге бөлінгенін айтты.

«2023 жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде Азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары шеңберінде табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етуге 8,2 млрд теңге бөлінді. Бұл 2027 жылға қарай жарақтандыруды 100% дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы қамыспен жабылған, өтуге мүмкін емес батпақты жерлерде өрт сөндіру үшін батпақта жүретін арнайы көлік пен шалғы алу қарастырылуда», - деп мәлім етті ведомство басшысы.

Қоса кетсек, бұған дейін Зүлфия Сүлейменова әкімдіктер иесіз жануарларға арналған орталықтар салуға жеткілікті қаражат бөлмейтінін айтқан болатын.

Бұған қоса, Каспий теңізі жағалауында қырылған итбалықтардың өліміне не себеп болуы мүмкін екенін мәлім етті.