Оның айтуынша, тарифтік саясаттың негізгі мақсаты – тұтынушылардың мүддесі мен табиғи монополия субъектілерінің қажеттіліктері арасындағы теңгерімді сақтау.
– 2023 жылдан бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске асырылып келеді. Бұл жұмысқа айтарлықтай серпін беріп, атқарылған жұмыстардың көлемі екі есеге артты, – деді Тимур Қосымбаев.
Комитет төрағасының мәліметінше, 2022 жылдан бері сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау және жылумен жабдықтау желілерін қоса алғанда, жалпы ұзындығы 22,7 мың шақырым инженерлік инфрақұрылым жөнделген. Соның нәтижесінде желілердің тозу деңгейі жыл сайын шамамен 3 пайызға төмендеп келеді.
Тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында табиғи монополия субъектілерінің қызметіне қатаң бақылау жүргізіліп жатыр.
- Өз міндеттемелерін орындамаған субъектілерге қатысты жалпы сомасы 14 млрд теңгені құрайтын уақытша өтемақылық тарифтер енгізілді. Сонымен қатар жылумен жабдықтау қызметтері бойынша жыл сайын қайта есептеу жүргізіледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 1,6 млрд теңгені құрады. Бұдан бөлек, шамамен 900 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, – деді комитет басшысы.
Ол тарифтік саясат халыққа түсетін қаржылық жүктемені барынша азайту қағидаты негізінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
- Тарифтердің өзгеруі кезең-кезеңімен және теңгерімді түрде жүргізіледі. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетіліп, олар үшін белгілі бір жеңілдіктер қарастырылған, – деді Тимур Қосымбаев.
Айта кетейік, табиғи монополия субъектілері 2 жылда 44 млрд теңгені мақсатсыз жұмсаған.