L’union fait la force
Қазақстан мен Бельгияның тарихи байланысы тереңде жатыр, символикалық мәні де жоқ емес. Мысалы, бельгиялық ғарышкер Франк де Винне Байқоңырдан ғарышқа екі рет ұшып, Қазақстанды Еуропаға танытты. Тәуелсіздік жылдарынан бері білімге құштар мыңдаған қаракөз қазақ Брюссельде білім алып жатыр. Бұдан бөлек екі елде мәдени апталықтар, концерттік шаралар толастаған емес. Бірлік белгісіне айналған осындай қадамдар екі елдің бір-бірін жақын тануына, бірлесе қадам басуына септесті десек болатындай.
Дәл осы себепті Бельгияның ұлттық ұраны – L’union fait la force («Күш – бірлікте») қазақтың «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген даналығымен үндесіп жатыр. Мазмұндас тұжырым ортақ құндылыққа айналып, ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты. Монархтың бүгінгі тарихи сапары сөзіміздің дәлелі болса керек.
– Еуропа Орталық Азиямен қарым-қатынасты қайта қарау үстінде. Бельгия монархының сапары осы процестің маңызын білдіреді. Брюссель серіктестікті жан-жақты жандандыруға және Орталық Азияның ең ірі экономикасы ретінде Қазақстанмен байланысты нығайтуға ниетті екенін ашық мәлімдеді. Оған қоса Еуропада аймаққа қатысты Орта дәліз, цифрландыру, жасанды интеллект, білім беру, медицина тақырыптары жиі айтыла бастады. Мұндай қызығушылық еліміздің өңір көшбасшысы ретіндегі рөлін арттырып, Еуропа мен Орталық Азияны байланыстырушы мемлекет екенін көрсетеді. Ал король Филипп технология мен бизнес саласындағы болашақ келісімшарттарға жол ашып жатыр, – дейді саясаттанушы Борис Поломарчук.
Теңіз порты және цифрлық хаб
Бельгия – Қазақстанның негізгі экономикалық серіктесінің бірі. Өткен жылы елімізге инвестиция салған ірі бес мемлекеттің қатарына енді, 20 жылда бельгиялық инвестицияның жалпы көлемі 15,2 млрд АҚШ долларынан асқан.
Өзара сауда-саттық та тұрақты динамика көрсетіп отыр: 2025 жылы тауар айналымы 582,8 млн долларды еңсерді. Кейінгі жылдары негізгі бағыт шикізат, технология және логистикаға ойысып келеді.
Алайда Қазақстан ұсынатын экспорт шикізатпен шектелмейді. Орта дәліз, цифрлық шешім, жасанды интеллект, білім, медицина салаларындағы жобалардан үміт мол. Өйткені геосаяси оқиғалардың соңы немен аяқталатыны белгісіз, Еуропа болса ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру үшін Қазазақстан секілді сенімді серіктеске мұқтаж. Сондықтан король мен патшайымның сапарында іскерлік келіссөз көбейді.
Қос тарап ең бірінші көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ниетті. Ол үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) әлеуеті толық пайдаланылатын болады. Бұл ретте Қазақстан Еуропадағы ең ірі логистикалық тораптың бірі – Антверпен-Брюгге портының тәжірибесін кәдеге жаратқысы келеді. Сапар аясында Антверпен-Брюгге порты мен Ақтау және Құрық порттары арасында тікелей серіктестік орнату, соның ішінде «ақылды порт» технологиясын енгізу және мамандар даярлау мәселесі талқыланды.
Борис Поломарчуктың пікірінше, Орта дәліз – жай көлік бағыты емес, Еуропа мен Азия арасындағы сауда жолын әртараптандыруға арналған еуропалық стратегияның бір бөлігі.
– Орта дәліз өте маңызды. Ақтау мен Құрық порттары, Каспий теңізіндегі тасымал, одан әрі Кавказ бен Түркия аймағы, соңында Еуропа жатыр. Демек Қазақстан әлеуеті мол жаңа еуразиялық жеткізу тізбегі құруда, – деп есептейді сарапшы.
Көлік-логистика мәселесі шешілсе, бизнес үшін қолайлы-ақ. Сарапшы атап өткендей, еуропалық компаниялардың Орта дәлізді дамытуға жәрдемдесуі интеграциялық процесті жеделдетеді. Оның үстіне алыс-беріс көлемі де артатын түрі бар.
Сол себепті Қазақстан мен Бельгия аса маңызды минералдар саласында қайта өңдеу өндірістерін құруға уағдаласты. Қазақстан ЕО белгілеген 34 аса маңызды шикізаттың 18-ін өндіреді, Бельгия химия өнеркәсібі мен металлургия саласында зор тәжірибеге ие. Металдды қайта өңдеу және өнеркәсіптік компоненттерді шығару бойынша бірлескен жобалар еуропалық нарық үшін тұрақты өндірістік тізбектерді қалыптастыруға көмек беруі ықтимал. Алдағы уақытта Қазақстан тек ресурс көзі ретінде емес, сонымен бірге дайын өнімді жеткізуші санатында жаңа сатыға шығады деуге негіз бар.
– Шикізат саудасына қарағанда қосылған құны жоғары бірлескен өндірісті жолға қою тиімді. Бірлесе әрекет ету арқылы металды қайта өңдеп, өнеркәсіптік компоненттерді шығара алсақ, еуропалық нарыққа шығу жеңілдейді, – деп түсіндірді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропа және Америка зерттеулері бөлімінің жетекші сарапшысы Әлішер Әбдірашев.
Саясаттанушының айтуынша, осы жолғы келісімдердің ішінде өнеркәсіптік және инвестициялық жобалардың маңызы зор.
– Бізде бельгиялық компаниялар бұрыннан бар. Қазақстанда Jan De Nul, Sarens және Ahlers Logistics секілді компаниялар жемісті нәтиже көрсетіп отыр. Бельгияның жаңа компанияларына отандық нарықта жұмыс істеу жеңіл болады деп санаймын. Бастысы, олардың қай салаға келетіні маңызды. Қазақстанға инфрақұрылым құрылысы, машина жасау, мұнай-химия, өнеркәсіптік жабдықтар өндірісі, заманауи инженерлік шешімдерді енгізу бағытында бірлескен жобалар қажет. Басымдық өндірісті локализациялауға, қазақстандық мамандарды даярлауға және технология трансфертін жүзеге асыруға берілуі шарт, – дейді Әлішер Әбдірашев.
Қазақстан-Бельгия келісімінің тағы бір тармағы цифрландыру мен инновацияға арналды. Болашақта ынтымақтастық шеңберінде Бельгияның спутниктік технологиялары мен Қазақстанның ғарыш инфрақұрылымында жаңа жоба жарыққа шығуы мүмкін.
– Астана мен Брюссель жасанды интеллект, өнеркәсіпті автоматтандыру, киберқауіпсіздік және қала инфрақұрылымын цифрлық басқару салаларында бір-біріне көмектесе алады. Мысалы, өткен айда бельгиялық The Beacon технологиялық орталығы мен Astana Hub серіктестік орнату мәселесін талқылады. Қос құрылым технологиялық жобаларды жүзеге асыру, стартап алмасу, өнеркәсіп пен логистикаға цифрлық шешімдерді енгізуге бейіл, – деп толықтырды сарапшы.
Ұлттық танымға таңданыс
Ғылыми базасыз кез келген технологиялық жобаның сәтті аяқталуы күмәнді. Сондықтан «Жасанды интеллект – жоғары білім және ғылыми зерттеулер» атты Қазақстан-Бельгия ректорлар форумында екіжақты келісімдерге қол қойылды. Болашақта Бельгияның Антверпен, Гент, Хасселт, Лувен, Хауэст, Монс университеттері Қазақстандағы ЖОО-лармен жұмыс істеуге дайын.
Оның үстіне ЕО-ның «Horizon Europe» бағдарламасы аясында Alem.AI халықаралық орталығында AI Math Lab зертханасы құрылып жатыр. Уағда уақытылы орындалса, озық зерттеу әдістеріне қол жеткізіп, Еуропа ғалымдарымен тең дәрежеде жұмыс істеуге қабілетті кадрларды даярлауға мүмкіндік туады. Академиялық платформаны жетілдірудің күші – осында.
Ректорлар форумы университеттер арасындағы байланыстың студент алмасу моделінен әлдеқайда ауқымды екенін көрсетті. Жиында оқытушылардың академиялық деңгейі, бірлескен зертханалар, зерттеу топтарын қалыптастыру, халықаралық жобаларды ашуы мәселесін қатысты өзекті ұсыныстар естідік.
– Ұзақ уақыт бойы мәдениет екінші деңгейлі мәселе саналып келгені жасырын емес. Алайда кейде дипломатия еңсере алмас міндетті мәдени қарым-қатынастың көмегімен іске асыруға болатынын көріп жүрміз. Мәселен, Астанадағы бельгиялық модернист Джеймс Энсордың көрмесі, Алматыдағы заманауи би жобасы екі өркениеттің тоғысын білдірді. Сондықтан мәдени дипломатия қос қоғамды саясаткерлерден де артық жақындастырады, – дейді Борис Поломарчук.
Король мен патшайымның Қазақстанға сапары Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында жалғасты. Мәртебелі қонақтар дамуында ауытқуы бар балаларға арналған мекеменің жұмысымен танысты. Мұнда медициналық, психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік көмек көрсететін кешен орналасқан. Патшайым Матильда жобаға шынайы қызығушылық танытып, орталықтағы балалармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесті. Кейін медицина мамандарын мұқият тыңдап, орталықтың интерактивті бағдарламасына қатысты.
Патшайым қазақ мәдениеті мен рухани мұрасына ерекше ықыласты. Ұлттық музейде қазақ тарихы мен дәстүріне арналған экспозицияларды мұқият зерттеп, жәдігерлердің мәні мен олардың қазіргі Қазақстан үшін қандай маңызы барын білмекке бірнеше сұрақ қойып үлгерді.
Ұлтты тануға деген талпыныс Президент резиденциясында жалғасты. Онда король мен патшайым шетел басшылары сыйға тартқан асыл тұқымды тұлпарларға көңіл бөлді. Сәйгүліктердің шығу тегі, оларды күтіп-баптау туралы ақпаратты зейін қойып тыңдап, ұлттық ат спорты ойындарының көрсетіліміне жоғары баға берді.
Король мен патшайымның Қазақстанға сапары халықаралық баспасөзде атаусыз қалмаған: Paris Match Belgique, La Libre, Le Soir, VRT NWS, Histoires Royales секілді жетекші еуропалық басылымдар арнайы репортаж жариялады. Тіпті король Филипп пен патшайым Матильданың Астанадағы «Бәйтерек» монументі аясында түскен фотосы бүкіл әлемге тарап, Қазақстан-Бельгия байланысын айшықтайтын кадрға баланды.
Осылайша, мәртебелі меймандардың сапарында ауыл шаруашылығы, логистика, ғылым, цифрлық технологиялар салаларында бірқатар келісімге қол қойылды. Екі ел табиғи ресурстар, сауда, технология, ғылым және өндіріс бағытында ынтымақтастықты дамытуға бағыт алған. Жобалардың нәтижесі уақыт еншісінде, дегенмен Астана Еуропалық инвестицияға, жаңа білім мен тәжірибеге бір табан жақындағаны анық.