Табысы төмен отбасыларға қолдау: алты жылда 77 мыңнан астам жалдамалы пәтер берілді

Фото: Қармақшы ауданының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет табысы төмен және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жалғастырып жатыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінде айтылған.

2019–2024 жылдар аралығында елімізде 77 357 жалдамалы пәтер салынды және сатып алынды.

Ал 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 515 пәтермен толықты.

- Мемлекеттік қолдау тетіктерінің бірі – «Отбасы банк» арқылы ұсынылатын жеңілдетілген ипотекалық несиелер. Атап айтқанда, 2019 жылдан бері 2%-дық мөлшерлемемен 22 022, 5%-дық мөлшерлемемен 58 450 несие берілген. 2025 жылдың бірінші жартысында тағы 1 245 отбасы 2%-дық, ал 1 893 адам 5%-дық ипотека рәсімдеді, - деп жазды министрліктен.

Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысына арналған 183 500 жер телімі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұжырымдама 2029 жылға дейін жүзеге асырылуда. Оның аясында жалдамалы тұрғын үй салу, ипотеканы субсидиялау және ЖТҚ үшін инфрақұрылым тарту бағытында қолдау шаралары қарастырылған.

Министрліктің хабарлауынша, соңғы алты жылда тұрғын үй құрылысына 15,4 трлн теңге жұмсалса, 2025 жылдың алғашқы алты айында салаға 1,5 трлн теңге инвестиция тартылған.

Айта кетейік, Ақтөбеге көшіп келген қандастардың көбі қалаға қоныстанды.