Табыстары орта деңгейдегі халық үшін «Халықтық ІРО» акцияларының бағасы қолжетімді болады

АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Халықтық ІРО» бағдарламасының аясында сатылымға шығарылатын ұлттық компаниялардың акциялары табыстары орта  деңгейдегі халық үшін қолжетімді болады,

деп хабарлады «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның баспасөз қызметінен pm.kz сайтына.

«Табыстары статистикалық тұрғыдан орта  деңгейдегі халық үшін акциялардың бағасы қолжетімді болады. Жайғастырылатын акциялардың саны Қордың Директорлар кеңесі мен Үкіметтің шешімдерімен бекітіледі»,- делінген қор хабарламасында.

Бағдарламамен бекітілгендей, акциялар бастапқы кезеңде қарапайым акциялардың 15 пайызынан аспайтын көлемде жайғастырылатын болады.

«Стратегиялық нысандарға қатысты мемлекеттің бақылауын сақтау мақсатында осындай шектеу енгізіліп отыр. Акциялардың нақты санын әр компания өз даму бағдарламаларының қаржыландыру қажеттілігіне қатысты анықтайтын болады», - деп атап көрсетіледі хабарламада.

«Халықтық ІРО» бағдарламасы 2012-2015 жылдың аралығында үш кезеңде жүзеге асырылады. Акциялары сатылымға шығарылатын мемлекеттік компаниялар үш кезеңге жіктеліп отыр: 2012 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның акциялары жайғастырылса, 2013 жылы - «KEGOC», «Эйр Астана», «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазтасымалтеңізфлот» компанияларының, ал 2014 жылы - «Қазақстан темір жолы», «Қазтеміртранс» және 2015 жылы - «Қазатомөнеркәсіп», «КазМұнайГаз» компанияларының акциялары жайғастырылады.

2011 жылғы 11 ақпанда өткен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ съезінің барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ҚР Үкіметі «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесіп «Халықтық ІРО» бағдарламасын іске асыруға тапсырма бергенін еске саламыз, кейіннен ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 қыркүйектегі № 1027 қаулысымен бекітілді.

Бағдарламаның шарттарына сәйкес акцияларды бастапқы орналастыру кезінде Қазақстан Республикасының азаматтарының ғана, екінші кезекте қазақстандық жинақтау зейнетақы қорларының оларды сатып алу құқығы болады.