«Табысты отбасы» жобасына атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатыса алмайды

Фото:
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- 1 желтоқсаннан бастап Ұлытау, Абай, Жетісу, Ақтөбе және Түркістан облыстарында «Табысты отбасы» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пилоттық жобаға әлеуметтік жағдайы осал топтағы отбасылар қатыса алады. Сондай-ақ, көпбалалы және толық емес отбасы мүшелері, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жалғызбасты аналар мен әкелер, табысы төмен отбасынан шыққан жастардың да бақ сынап көруге мүмкіндігі бар. Олар жаңа дағдыларға үйреніп, тәжірибелік тренингтерден, шеберлік сыныптарынан өтеді және өз ісіне тұрақты тәлімгерлік сүйемелдеуге ие болады. Ал, жеңімпаздарға грант қаржысы заттай беріледі. Яғни, үздіктер бизнес жобаға сәйкес қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі.

Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданы пилоттық жобаға енді. Грант қаржысы талан таражға түспес үшін жеңімпаздарға заттай қолдау көрсетуді жөн көрдік. Тұрғынның қай бизнес бағытына ептілігін байқап, соған сәйкес қажетті құралдарды алып береміз. Бір айта кетерлігі атаулы әлеуметтік көмек алушылар жобаға қатыса алмайды» - деді үйлестіруші Айжани Нұрланова.

Еліміздегі бес өңірге барлығы 300 грант қарастырылған. Ал, Түркістан облысында 70 қатысушыға қолдау көрсетіледі. Әрбір жеңімпазға 450 мың теңгенің шамасында құрал-жабдық беріледі. Сондай-ақ, жобаға қатысушыларды спикерлер тегін оқытып, бизнесті жүргізу барысын үйретеді. Соңынан қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырады.

«Халықтың осал топтарынан шыққан азаматтарға өз ісін ашуға және әл-ауқатын жақсартуға көмектесетін «Табысты отбасы» қайырымдылық жобасын қолдаймыз. Жобаның табысты жүзеге асуына бар күш жігерімізді жұмсаймыз», - деді Түркістан облысы әкімнің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.


Соңғы жаңалықтар