АСТАНА. KAZINFORM - Тайань қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде таеквондодан қазақстандық Батырхан Төлеуғали Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алды.
Қазақстан ұлттық құрамасындағы ең жас таеквондошы шешуші айқаста Сауд Арабиясының өкілі Әли Мабрук әл-Мабруктан басым түсті. Есеп: 2-0.
Бұған дейін Батырхан алғашқы жекпе-жегінде Акшай Худаны (Үндістан) айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Бұл - таеквондодан ұлттық құраманың алғашқы жолдамасы.
Еске салсақ, аталған турнир Олимпиадаға лицензия беретін Азия құрлығының соңғы іріктеу додасы. Лицензиялық бәсекеде ел намысын төрт спортшымыз қорғап жатыр. Оның бірі - 17 жастағы Батырхан Төлеуғали болса, екіншісі - 19 жастағы Мария Севостьянова. Үшінші спортшымыз 58 келі салмақта ел намысын қорғайтын Самирхон Абабакиров. Ал төртінші спортшымыз құрама үздігі - Жансель Дениз.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.