— Тағамнан улану — ластанған тағам арқылы ағзаға түскен зиянды микроорганизмдердің әсерінен болатын ас қорыту жүйесінің жедел бұзылысы. Оның негізгі қоздырғыштары — алтын түсті стафилококк, ішек таяқшасы және сальмонелла бактериялары, — деді ол.
Маманның сөзінше, ауа температурасы жоғарылағандықтан, тағамдардың бұзылуы мерзімі де қысқарады.
— Уланудың басты себептері — мерзімі өткен өнімдерді пайдалану, тағамды дұрыс сақтамау және дайындамау, жеке бас гигиенасы талаптарының сақталмауы. Әсіресе тез бұзылатын өнімдер мен дайын тағамдар ерекше қауіп тудырады. Температуралық режимнің бұзылуы бактериялардың жылдам көбеюіне әкеледі. Сондықтан тұтынушылар өнімнің сапасына, сақтау және дайындалу жағдайына ерекше назар аударуы қажет, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстанда 140-тан астам адам жіті ішек жұқпаларымен ауырғанын жазғанбыз.