Тағдырға мойымаған чемпион: Ғани Бердіханұлының жеңіске толы жолы

АҚТАУ. KAZINFORM — Өмірде адамды шыңдайтын сынақтар аз емес. Бірақ сол қиындыққа мойымай, тағдырдың ауыр соққысын жаңа мүмкіндікке айналдыра алатын жандар сирек. Солардың бірі — пауэрлифтингтен бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері, Ақтаулық Ғани Бердіханұлы. Аяғынан айырылса да, өмірге деген құлшынысын жоғалтпаған спортшы бүгінде Паралимпиада ойындарына қатысуды мақсат етіп, өзгелерге де үміт сыйлап жүр.

Фото: Ғани Бердіханұлының жеке мұрағатынан

Бір сәтте өзгерген өмір

Ғани спортпен бала кезінен айналысты. 11 жасынан дзюдоға қатысып, кейін бокс пен кикбоксингке ден қойды. Болашағын спортпен байланыстырған жігіттің арманы — халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау еді. Алайда 27 жасында болған қайғылы оқиға оның өмірін түбегейлі өзгертті.

— Бірде достарыммен аңға шықтық. Қаруды қолдану кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмай, аяғым ауыр жарақаттанды. Ауруханаға жеткенше көп қан жоғалттым. Дәрігерлер өмірімді сақтау үшін аяғымды тізеден жоғары кесуге мәжбүр болды, — деп еске алады спортшы.

Фото: Ғани Бердіханұлының жеке мұрағатынан

Бұл оқиға кикбоксингтен әлем кубогына аттануына небәрі бір апта қалғанда болған.

— Барлық дайындық сол жарысқа бағытталған еді. Бір сәтте бәрі өзгерді. Психологиялық тұрғыдан өте ауыр болды. Спортпен біржола қоштастым деп ойладым, — дейді ол.

Спортқа оралған сәт

Жарақаттан кейін Ғани алты жылдай кәсіби спорттан алыстап, отбасының қамы үшін кәсіппен айналысқан. Алайда қозғалыстың азаюынан салмақ қосып, қайтадан спортқа бет бұруға шешім қабылдайды.

Фото: Ғани Бердіханұлының жеке мұрағатынан

Алғашында ерекше жандарға арналған спорт клубында отырып ойнайтын волейболмен айналысады. Кейін бапкер Арслан Сүйіншалиев оның дене бітіміне қарап, пауэрлифтингке келуге кеңес берген. 

— 2019 жылдың сәуірінен бастап кәсіби түрде пауэрлифтингпен айналыса бастадым. Осы спорт менің өмірге деген сенімімді қайта оятты, — дейді Ғани Бердіханұлы.

Қазақстанның 10 дүркін чемпионы

Табандылық пен үздіксіз жаттығудың нәтижесі көп күттірген жоқ. Ол 2019 жылы алғашқы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды. Келесі жылы күміс жүлде иеленіп, кейін ел біріншілігінде чемпион атанды.

Қазір Ғани Бердіханұлы — пауэрлифтингтен тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында 10 дүркін Қазақстан чемпионы, 11 мәрте ел рекордын жаңартқан спортшы. Халықаралық ареналарда да ел намысын абыроймен қорғап келеді. Англия мен Таиландта өткен әлем кубогы кезеңдерінде үш мәрте қола жүлдеге ие болған.

Фото: Ғани Бердіханұлының жеке мұрағатынан

Басты мақсат — Паралимпиада

Спортшы қазір алдағы маңызды жарыстарға дайындалып жатыр.

— Тамыз айында Ақтауда Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол іріктеуден сүрінбей өтсек, Бахрейнде өтетін әлем чемпионатына барамыз. Ең үлкен арманым — Паралимпиада ойындарына қатысып, Қазақстанның туын әлемдік додада көтеру, — дейді ол.

Отбасы — ең үлкен тірек

Ғани өзінің барлық жетістігінің артында отбасының қолдауы тұрғанын ерекше атап өтті. 

— Қиын кезеңнен анамның, туған-туыстарымның, достарымның қолдауының арқасында өттім. Әсіресе жұбайыма алғысым шексіз. Ол әрдайым жанымнан табылып, сенім сыйлады. Спорт маған қайтадан өмірге құлшыныс берді, — дейді спортшы.

Фото: Ғани Бердіханұлының жеке мұрағатынан

Өзгелерге демеу болып жүр

Бүгінде Ғани тек спортпен ғана шектелмейді. Қоғамдық қор арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен айналысуына, жұмысқа орналасуына қолдау көрсетіп келеді. Ол ауыр жарақат алып, өмірден түңілген адамдармен жиі кездесіп, олардың өмірге қайта бейімделуіне көмектеседі.

— Мен салы суға кетіп, санадағы сан сауалға жауап таба алмай, сансыраған жандардың рухын оятуға, көңіліне демеу болуға тырысамын. Мұндай жағдайға тап болған адам алғашында өзін жалғыз сезінеді. Кейбірі өмірден түңіліп кетуі де мүмкін. Сондықтан ең бастысы — олардың жанынан табылып, үміт сыйлау, — дейді ол.

Фото: Ғани Бердіханұлының жеке мұрағатынан

Ғани Бердіханұлының өмір жолы — тағдырдың ауыр сынағы адамды тоқтатпайтынын дәлелдейтін жарқын мысал. Ерік-жігер мен табандылықтың арқасында ол спортқа қайта оралып қана қоймай, еліміздің үздік параспортшыларының біріне айналды. Бүгінде ол жеңісімен ғана емес, өзгелерге үміт сыйлап, өмірге құштарлық ұялата білуімен де көпшілікке үлгі болып отыр.

Бұған дейін, қабырғаға жан бітірген шебер туралы жазғанбыз.