Тағдырымыз өз қолымызда

АНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Кенжеболат Жолдыбай/ - Көрнекті поляк жазушысы Бруно Ясенскийдің мынадай бір сөзі бар: «Достарыңнан қорықпа, көп болса сатып кетер. Дұшпаныңнан қорықпа, көп болса атып кетер. Қорықсаң немқұрайлы адамдардан қорық. Дәл солардың үнсіз келісімінен жер бетінде сатқындық та, адам өлтіру оқиғасы да орын алуда».

Иә, көп жағдайда «күл болмаса, бүл» болсын» дейтін немқұрайлықтың басты ережесі кедергісіз жұмыс істеп жатады. Кейбір адамдар айналысында болып жатқан оқиғаларға енжар қарап, қандай да бір шешімдер қабылдау кезінде «біздің дауысымыз аса маңызды емес» деген байлам жасайтыны да шындық.

Еліміз кезектен тыс президенттік сайлау қарсаңында тұрған сәтте бұл мәселе өте өзекті деп ойлаймын. Себебі, осынау жауапты кезеңде әрбіріміз мемлекетіміздің келешектегі тағдыры азаматтық ұстанымызға байланысты екендігін ұғынуға тиістіміз. Сондықтан, ел тағдыры таразыға түсіп жатқан шақта қарымды қуат, батыл бастама және азаматтардың жеке ұмтылыстары қажет. Бұл арада мен ешқандай да жаңалық ашып отырған жоқпын, өмірдің сындарлы белестерінде адамдарға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» тән екендігін тарлан тарих талай мәрте дәлелдеген. Күш-жігерді біріктіріп, жұмылған жұдырық бола білгендіктен қазіргі заманғы өркениет жаһандық қаржы дағдарысы, лаңкестік, азық-түлік пен ауыз су жетіспеушілігі, табиғи және техногендік апаттар, этникааралық және дінаралық негіздегі жанжалдар тәрізді көптеген қауіп-қатерлерге төтеп беру мүмкіндігіне ие болып отыр.

Тәуелсіздіктің жиырма жылындағы Қазақстанның жүріп өткен жолы да «тар жол, тайғақ кешуден» тұрғанын айтқан жөн. Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан өзінің мақалаларының бірінде былай деп әділетті атап көрсетеді: «Біз «азапты жолдан» өттік, мың өліп, мың тірілдік». Расында жол басындағы мемлекеттің жағдайын созылмалы дертке ұқсастыруға толық болатын. Қазына қалтасында көк тиын болмады, кәсіпорындардың көпшілігі көтерем малдың күйін кешіп жатты, инфляция деңгейі 1000 пайыздан асып, ауыл адамдары кәдімгі кір сабынды бір қойға сатып алуға мәжбүр болды, сөйтіп, жаппай тапшылық жағдайында жұрт арасында «бағасы қанша болса да, әйтеуір сөрелерде тауарлар тұрса екен» деген көңіл күй орын алды. Бір сөзбен айтқанда, бұл кезең экономика жағдайы, адамдардың рухани дүниесі күйзелісінің ең биік шыңы болды. Осынау аса бір күрделі жағдайдан саяси партиялар, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар, қарапайым азаматтар белсенді қолдауымен ел басшылығының жүргізген сауатты ішкі және сыртқы саясатының арқасында шыға алдық.

Осылайша «қазақстандық керуен» тамшы су табылмайтын шөл даладан абыроймен өте алды, сөйтіп биік белестерді біртіндеп бағындырып келеді. Қазақстан бүгінде өте жауапты шешімдер қабылданып жатқан бірегей елге айналды. АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ричард Хоугландтың пікірінше, біздің мемлекет тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап нарықтық реформаларды жүзеге асыру; ядролық арсеналдан бас тартып, жаппай қырып-жоятын қарулар мен материалдарды таратпау жолына түсу; келешек ұрпаққа халықаралық стандарттар деңгейінде білім алуға мүмкіндік беру тәрізді төтенше маңызды әрі кемел келешекті көздеген үш маңызды шешімді қабылдады.

Бұл тұрғыдан көптеген жұмыстар жасалғанын ескерген жөн. Айталық, жаһандық қаржылық және экономикалық дағдарысқа қарамастан, мемлекет еш абыржымай, істің байыбына терең үңіле отырып, жағдайды уысына ұстай білді. Нәтижесінде, банктер жабылмады, тұрғын үйлерді салу тоқтаған емес, теңге құнын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп 2010 жылы халықаралық ұлттық әл-ауқат рейтингісінде біздің ел Ресей, Украина және Беларусьті басып озып, 59-шы орынға дейін көтерілді. Соңғы бес жылда білім беруге, денсаулық сақтауға, әлеуметтік қамсыздандыруға қазынадан бөлінген қаржы екі еседен астамға ұлғайды. 2008 жылмен салыстырғанда 2012 жылға қарай бюджет саласы қызметкерлері жалақысының орташа мөлшері екі есеге өсетін болады. Қазір еліміз дүниежүзінің 126 мемлекетіне 200-ден астам дайын өнім түрлерін экспорттайды. Экспорттың көлемі 60 млрд. долларға жетті, бұл 1995 жылғы көрсеткіштен он бір есеге көп. Қасқағым сәтте еліміздің мүмкіндігінің және кемел келешегінің символына айналған жаңа елорда - Астана тұрғызылды. Еліміз халықаралық аренада да ауыз толтырып айтатындай табыстарға қол жеткізді. Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып отыр. Бұған ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз және осы беделді ұйымның он бір жылғы үзілістен кейін 2010 жылдың желтоқсанында өткізілген Астана саммиті айқын дәлел. Ең бастысы - адамдар өзгерді, олардың көздерінде келешекке деген сенім пайда болды. Ашығын айту керек, бұл ерекше мақтан тұтарлық дүние. Анда-санда төңірегімізде болып жатқан оқиғаларға назар аудара отырып, біздер қазіргі күндерімізге тәубе келтіріп, шүкіршілік етсек артық емес. Егер тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде жағдай басқаша өрбігенде, бүгінгі жағдайымыз қалай болатын еді?

Әрине, өзге қоғамдардағыдай бізде де шешімін таппай жатқан түйткілі көп мәселелер баршылық. Әлі де болса экономикалық дағдарыстың салдары толық еңсерілген жоқ, жемқорлық та белсенді жүгендеуді қажет етеді, әзірге шикізатқа тәуелді ел ретінде қалып отырмыз, сонымен бірге жұмыссыздық жағдайын және жаңа жұмыс орындарын құру мәселесін де жылы жауып қоя алмаймыз. Бизнес-қауымдастығы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер барынша әрі пәрменді қолдауды қажет етіп отыр. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы тарифтердің өсіміне тұрақты бақылауды, сауда-саттықтағы бағаны өсіретін алыптасарлықпен күресті жүзеге асыру да күн тәртібінде. Білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы сапаны арттыру, еліміздегі демократиялық үдерістердің одан әрі дамуына мұқият назар аудару басты мәселелердің бірі болып табылады. Жан басына шаққандағы табыстың айтарлықтай өскендігіне қарамастан, инфляцияның салдарынан адамдар үшін ондай өсімнің әсері аса байқалмай отыр. Мұның сыртында, ешкім де, соның ішінде басқарушылық шешім қабылдайтындар да әдеттегі қателіктерден ада емес екендігін және олардан сақтандырылмағанын есте ұстаған жөн. Сондай-ақ өмірдің өзі күрестен, қиындықтарды еңсеруден тұратынын, сондықтан да әрдайым проблемалар болатынын қаперде болғаны ләзім.

Меніңше, проблемалық мәселелерді қоғам белсенділік танытқан кезде, сондай-ақ оппозициялық күштерді тарта отырып бүкіл мүдделі тараптардың қатысуымен ғана шешуге болады. Айталық, оппозиция тарапынан қазіргі жағдайды ескере отырып дағдарыстан кейінгі қарқынды даму бағдарламасы неге ұсынылмасқа? Сайып келгенде бұған биліктің де өзі мүдделі екендігіне сенімдімін, себебі билікке өзінің іс-қимылын дұрыс бағамдауға мүмкіндік беретін дәлме-дәл индикатор қажет. Иә, ол үшін оппозиция барынша күшті, сындарлы түрде қалыптасуымен қатар, оның балама ұсыныстары болуы тиіс. Өкінішке қарай, әзірше біз мұндай баламаны көре алмай отырмыз. Биліктің оппоненттері, жұқалап айтқанда, саяси бәсекелестік өз жеке амбицияларын қанағаттандыру үшін емес, қоғамның мүддесін қорғау және қоғамның атынан өкілдік ету үшін қажет екендігін ұмытып кетіп жатады. Жасыратыны жоқ, маған оппозицияның жекелеген іс-қимылдары мен мінез-құлықтары ежелгі дәуірдегі фурийліктердің заң шығарушысының «жаңа заңды күшіне енгізгісі келген адамды халықтың алдына мойнына арқан салып шығуға, егер оның жаңалығы бірауыздан қолдау таппаса, сол жерде асылып өлуге» шақыратын қылығын еріксіз еске түсіреді. Әрине, мұндай әрекет біздің таңдауымыз емес. Тек пікір алуандығы орын алған ашық қоғамда ғана біз әділетті мемлекет орнатамыз, экономикадағы, саяси және әлеуметтік өмірдегі, рухани саладағы теріс құбылыстарды азайтамыз. Бір қуанарлығы, мемлекет тарапынан бұл үшін барлық қажетті жағдайлар жасалынған. Бүгінде елімізде қоғамда болып жатқан әралуан құбылыстар мен оқиғаларға жеке көзқарасын білдіруге мүмкіндік беретін демократиялық институттар жұмыс істеуде. Мәселен, зауқы соққан кез-келген адам үкіметтік емес ұйымдар арқылы қоғамдық маңызы зор акцияларға бастамашы бола алады, сондай-ақ тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары әркімге қолжетімді. Қалайсыз ба, көзқарасыңызға қайшы келетін не бір жағдайды сынаңыз немесе істің жағдайын оңтайландыратын қандай да бір ұсыныстарыңызды айтыңыз. Әрине, мен идеалист емеспін және барлық адамды бірдей бақытқа кенелту оңай еместігін түсінемін, алайда ынта болса оң нәтижеге жетуге болатындығына сенімдімін. Бір нәрсе айқын. Осы мақсаттарға жету үшін сайлау өтетін 2011 жылғы 3 сәуір күні әрбір азамат дауыс беруі тиіс.