Тағы бір боксшымыз Италиядағы лицензиялық турнирді сәтті бастады

Фото: Спорт комитеті

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасының сапынан шаршы алаңға шыққан екінші боксшымыз да жарысты жеңіспен бастады.

Нақтырақ айтсақ, 80 келі салмақта ел намысын қорғап жатқан отандасымыз Нұрбек Оралбай Олимпиадаға іріктеу турниріндегі бірінші жекпе-жегінде гаитилік Кедрик Белони-Дулиепрені жеңді.

Осыған дейін 57 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан бірінші айналымда эфиопиялық Лета Фикремариам Ядесамен жұдырықтасып, еш қиындықсыз жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.

Фото: Спорт комитеті

Сондай-ақ, осыған дейін ерлер арасында 51 келіде Сәкен Бибосынов гонконгтық Каннет Чун Хим Танмен қолғап түйістіріп, келесі кезеңге өтсе, әйелдер арасында 60 келіде шаршы алаңға шыққан Римма Волосенко алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізген болатын. Ол жауапты сында Тринидад Тобаго елінің өкілі Тианна Гуимен кездесіп, төрешілер шешімімен басым түсті.

Лицензиялық турнирде 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады. Былғары қолғап шеберлері ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдамаға таласады. 

Турнир 3-12 наурыз аралығында өтеді.