Тағы 203 үміткерге «Болашақ» стипендиясы тағайындалды

None
АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстандағы тағы 203 үміткерге ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды.

Мұндай шешім бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті мәжілісінде қабылданды.

Жалпы, комиссияның қарауына «Болашақ» стипендиясын тағайындау үшін 501 үміткердің жеке құжаттары ұсынылды. Олар ағымдағы жылғы тамыздың 23-і мен қыркүйектің 17-сі аралығында өткізілген конкурстың бірінші және екінші турларының нәтижесі бойынша өткендер. Бұлардың ішінде конкурстық іріктеуге 97 үміткер шетелдің жоғары оқу орындарына өз бетімен түскендер ретінде, ал 404 үміткер жалпы конкурс бойынша қатысқан. Комиссия үміткерлердің құжаттарын мұқият қарап, 203 үміткерге «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдады. Өз кезегінде Қ. Саудабаев осы жылдар ішінде «Болашақ» бағдарламасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан табысты дамуына маңызды үлес қосқанын, ал бағдарлама арқылы шетелдерде білім алған қазақстандық мамандар елге оралып, еліміздің өркендеуі жолында еңбектеніп жатқандарын атап көрсетті.

Айта кетейік, үміткерлердің көпшілігі құжаттарын АҚШ-та (198 адам), Ұлыбританияда (85 адам), Канадада (48 адам), Швейцарияда (29 адам) оқу үшін тапсырған. Ал, қалғандары Малайзия, Ирландия, Қытай, Австралия, Чехия, Украина, Норвегия, Жапония, Ресей, Германия сияқты елдерді таңдаған. Құжаттарын тапсырған үміткерлердің басым көпшілігі басым мамандықтар тізбесінен мыналарды: «Ақпараттық технологиялар және жүйелер», «Мұнай және газ ісі», Өндірістік инжиниринг», «Құқық», «Туризм саласындағы менеджмент, мейманхана менеджменті, спорт менеджменті», «Телекоммуникациялық жүйелердегі ақпараттық қауіпсіздік», «Электроника», «Математика», «Бухгалтерлік есеп», «Қоршаған ортаны қорғау», «Информатика», «Экономика», «Құрылыс және сәулет», Авиациялық және зымыран-ғарыштық техника», «Аграрлық техник және технология» сынды мамандықтарды таңдаған.