Тағы бір америкалық журналистің өлімі түсірілген видео жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ислам халифаты» лаңкестік тобы тұтқында ұстап келген тағы бір америкалық журналистің өлтірілген сәті түсірілген видео ғаламторға жарияланды, деп хабарлайды AFP.

Агенттіктің хабарлауынша, марқұм 31 жасар Стивен Сотлофф. Бейнероликте екінші тұтқынның да өміріне қауіп төндіре сөйлеген дөңайбат жазылған. Мәліметтер бойынша, ол Ұлыбритания азаматы Дэвид Хэйнс.

Осыған дейін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест АҚШ-тың әзірше бұл видеоның жалған еместігін айта алмайтынын хабарлаған. Ол туралы РИА Новости жазады.

Естеріңізге сала кетейік, Сотлоффты өлтіреміз деген хабар тұтқын журналистердің алғашқысы - Джеймс Фоулидің өлімі түсірілген видеороликтің соңына қарай айтылған еді. Ол жолы лаңкестер оның тағдыры АҚШ Президенті Барак Обаманың әрекетіне байланысты болатындығын айтқан.