АСТАНА. ҚазАқпарат - Бухарест қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Жәмила Бақбергенова қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы мәлім еткеніндей, Жәмила 72 кг салмақта үздік үштікке ілікті.
Жәмила Бақбергенова жарыс барысында Жапония және АҚШ балуандарын тізе бүктіргенімен, жартылай финалда түрік спортшысына жол берді. Дегенмен қола жүлде үшін бәсекеде үндістандық қарсыласын 11:0 есебімен ойсырата ұтты.
Бұл - Қазақстан құрамасы қоржынындағы бесінші қола медаль. Оның екеуін грек-рим күресі шеберлері жеңіп алса, үшеуі балуан қыздарымыздың үлесінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қос қазақстандық балуан қыздың әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.
Жексенбі күні мәреге жететін әлем чемпионатының соңғы медальдарын еркін күрес шеберлері сарапқа салады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).