Таиланд астанасы Бангкок бірте-бірте су астына кетуде

АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат - Таиланд астанасы Бангкок бірте-бірте су астына кетуде, деп хабарлады bnews.kz cайты.

Қазіргі уақытта қаланың солтүстігіндегі Дон Муанг ауданының 90%-ын, сондай-ақ Банг Плат ауданының 70%-ын су басқан. Оған қоса Ванг Тхонг пен Лат Прао аудандары да су астына кетуде. Елорданың батыс аймақтары да мүшкіл жағдайда, деп хабарлайды «Око планеты».

Су астында қалған Тави Ваттана ауданынан халық қауіпсіз жерге көшіріле бастады. Қаланың тағы 19 ауданында биліктің халықты жедел түрде қауіпсіз жерге көшіру туралы бұйрығы күшіне енген. Тұрғындарға қаладан кетіп, эвакуациялық орталықтарды паналауға кеңес берілді.

Мамандардың пікірінше, алдағы үш күнде Бангкоктың 50 ауданының көбі су астында қалуы мүмкін. Кейбір мәліметтерге сәйкес, қаланы жаппай су басу сенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де әсіресе күшті болады. Сол кезде Чао Прай өзенінің деңгейі 2,65 метрге жетеді, бұл гидротехникалық бөгеттерден 15 сантиметрге жоғары.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы 50 жылда бірінші рет қайталанып тұрған шілде айынан қыркүйекке дейін толассыз жауған жауын-шашын Таиландтың солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық провинцияларын апатты жағдайға душар етті. Қазір елдің 76 провинциясының 28-ін су басып қалған. Таиландтағы табиғи апаттан 373 адам құрбан болып, 9,5 млн-ға жуық халық зардап шекті. Таиланд қаржы министрлігі мемлекетке келтірілген шығын көлемін әзірге 6 млрд. доллар көлемінде бағалап отыр.