«Келіссөздерді Тайландтың авиациялық билік органының Бас директоры Чула Сукманоп пен ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев жүргізді. Кездесу барысында тараптар код-шер ынтымақтастығын пайдалану, екі жақтың аумағында ұшу әрі қону пункттері, ұшу қауіпсіздігі және басқа да мәселелерді талқылады», - делінген ҚР ИДМ мәліметінде.
Қазіргі уақытта екі ел арасындағы әуе байланысы «Эйр Астана» компаниясы аптасына 5 рет орындайтын «Алматы - Бангкок» (қыста аптасына екі рейс қосылады) және аптасына 3 рет орындайтын «Астана - Бангкок» тұрақты тікелей рейстері арқылы орнатылған.
Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, қазақстандық «Эйр Астана» компаниясы үшінші елдердің әуе компанияларымен код-шер уағдаластықтар жасау құқығына ие болды. Жаңа тәртіп қазақстандық жолаушыларға осы бағытта жаңа мүмкіндіктер ашып, еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға ықпал етеді.