Таиланд Королі бір жыныстылардың некесі туралы заңға қол қойды

Фото: Фото: BBC

АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд бір жыныстылардың некесін мойындаған Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бірінші мемлекетке айналды, деп жазады ВВС.

Таиланд королі ел парламенті қабылдаған бір жынысты некені заңды түрде тану туралы заңға қол қойды. Осылайша, Таиланд Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бір жынысты адамдар арасындағы одақтарды заңдастырған бірінші мемлекет болды.

Таиланд парламентінің жоғарғы палатасы маусымда заңды қолдады және ол сейсенбіде монархияның ресми газетінде жарияланды. Ол 2025 жылдың 22 қаңтарында күшіне енеді.

Заң неке дегенді бұрынғыдай ер мен әйелдің емес, екі адамның серіктестігі деп таниды. Біржынысты жұптар ерлі-зайыптыларға берілетін салық жеңілдіктерін пайдалануға, бір-бірінің мүлкін мұрагерлікке алуға және жұбайы ес-түссіз жатқан жағдайда оны емдеуге келісім беруге құқылы болады.

Біржынысты ерлі-зайыптылар да бала асырап ала алады. Алайда, депутаттар тиісті комитеттің «әке мен шеше» деген сөздің орнына «ата-ана» терминін қолдану туралы ұсынысын қабылдамады.

– Бүгін біз атымызды неке туралы куәліктерге ғана жазып қоймай, тарихтың жаңа парағына да жаза аламыз. Махаббат кім болып туғанымызға қарамайды. Бұл теңдік пен адами қадір-қасиеттің мерекесі, – деді Таиландтағы ЛГБТ құқықтарын қорғаушы Энн Чумапорн.

Ол заң күшіне енген күні мыңнан астам ЛГБТ жұптарының үйлену тойын ұйымдастырмақ ниетте екенін айтты.

Азиядағы жағдай қандай

Таиландта біржынысты некені тану үшін күрес 10 жылдан астам уақытқа созылды.

Ел тұрғындарының көпшілігі біржынысты некені қолдайды — өткен жылдың соңында жүргізілген сауалнамаға респонденттердің 96,6%-ы оң көзбен қарайтындықтарын айтқан.

Барлық Азия елдерінің ішінде тек Непал мен Тайвань ғана біржынысты некені заңдастырған (көптеген елдер Тайваньды егеменді мемлекет ретінде мойындамайды).

Сингапур 2022 жылы отаршылдық дәуірдегі бір жынысты қарым-қатынасты қылмыс деп санайтын заңның күшін жойды.